Жаңа сипаттағы мереке

Уақыты: 23.03.2025
Оқылды: 528

Талай ғасырды артқа тастап, қанқұйлы кезеңдерді бастан өткерген қазақ халқы бейбітшілікті, тыныштықты, тұрақтылықты, ынтымақты, береке-бірлікті бар пейілімен қалады. Әр қуанышты, жақсылықты сылтау етіп, той тойлауға құмарлығы да содан шығар. 

Шыны керек, қазіргідей жаһандану дәуірі белең алып, ұлттық ұстын елеусіз қалып бара жатқан тұста тойдан гөрі жеңіл және ауыр өнеркәсіпті дамыту аса өзекті екендігі белгілі. Дегенмен, «бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» деген ұлттық ұғымды ұстанған халқымыз күн мен түннің теңелген шағын  Ұлыстың ұлы күні деп атап, Наурыз мерекесін ерекше атап өтуде.

Тарихқа көз салсақ, Наурызды отқа табынушылардың дәуірімен, Парсылар патшалығымен байланыстыруға болады. Алайда арада өткен уақыттың екшеуімен ұлттық мереке бұрынғыдай пұтқа бас июден арылып, жаңаша сипат алған. Ислам діні келген соң Наурыз жергілікті халықтың шариғатқа қайшы келмейтін мерекесі ретінде алынып, тойланды. Бұл туралы елімізге белгілі дін ғалымдары көптеген талқылау өткізді. Оған жат ағымдардың жетегімен ұлттық мерекені мансұқтайтындардың оғаш әрекеті себеп болды. Осыған орай «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры Мұхитдин ИСАҰЛЫ islam.kz сайтына берген сұхбатында:

– Біздің ата-бабаларымыз бүгінгідей қысты күні «квартираға» тығылып алып жатпаған. Олар мынау ұшы-қиыры жоқ кең даланы иемденіп еркін жүрген. Қыс айлары, әсіресе, күн суық жақтарда алты айлап бір-бірін көре алмай, содан қыстан аман шыққаны үшін көрісетін болған. Бұрынғылар көкті ұстаған бір Тәңірге шүкіршілік айтса, кейінгі мұсылман бабалар сол көкті ұстаған бір тәңір болған Аллаға шүкіршілік еткен. Амандық сұрасқан. Амандық сұрасу – Пайғамбардың сүннеті. Бұл сол көктемнің алғашқы күндерінде өткен. Жаңа жыл, жаңа өмір болып басталған. Құрандағы: «Алланың өлген соң қайта қалай тірілтетініне қараңдар» деген махшар күнін еске алатын болған.

Ал осы жаңа күн, жаңа көктем кейінгі ғасырларда «Наурыз» болып парсыша аталып кеткен. Яғни парсы мәдениетінің бір кездегі әсеріне байланысты сіз бен біздің оқып жүрген «салат» яғни, парсы тілінде «намаз», ұстаған саум – оразамыз да парсыша аталып кеткен. Әңгіме атында емес, затында. Олардың айтып отырға-ны – парсылардың «наурызы», ол от жағып оттан секіру, отқа табыну мейрамы. Ал қазақ тарихындағы наурызда отқа секіру, отқа табыну жоқ. Қайта көктемдегі гүлдену, ояну, ағаш егу, жандандыру, тірілту, махшарды еске алу бар. Дін ұстанамыз деп дүдәмал ағымға ергендер өздерін қазақ деп санамаса оларды бұл елде не ұстап отыр, не болмаса қазақ деген аттарын ауыстырсын.

Ал ата-баба жолынан таймай қайта оянуға бет алған мұсылман Алаш жастарына айтарым – әз Наурыз құтты болсын! Әлихан, Міржақыптардың жолын қуыңдар! Алла елімізге берекет, байлық, бірлік, тыныштық нәсіп етсін! Әмин! – дейді.

Өткен ғасырдағы ақ пен қызылдың қырғынын, репрессияны, ашаршылықты,  Екінші дүниежүзілік соғысты көрген халқымыз оның алдында бейбіт өмір сүрді деп айта алмаймыз. Зеңбірек, мылтықпен қаруланған қалмақ-жоңғар шапқыншылығы тұсында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» дәуірін бастан өткеріп, Аңырақай шайқасына дейін өзара тартыстан тауы шағылды, туы құлады. Жәнібек пен Керей хандардың бастамасымен өз алдына Қазақ хандығын құрған тұста жұдырықтай жұмылғанда ғана ел болатынын түсінді. Болашақтың баянды, келешектің кемел болуын аңсаған ақсақалды абыздарымыз «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманды» дұға-тілегінен тастамады, ақ жаулықты аналарымыз аңыз-ертегіге қосты. «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» деген халық даналығына сүйеніп, жақсы тілек, жанашыр сөз арнаудан арланбады. Оған Ұлыстың ұлы күнін лайық көрді. Дәл осы күні сары майдай сақтаған сүрісін қазанға салып, ағайын-туыстың, құда-жекжат, жақын-жұрағат, көрші-қолаңның басын қосты. Төс қағыстырып, амандық білісті. Ендеше, көгілдір көктемнің шуақты күніндей жайнаған Наурыз мерекесін  ұлтты ұйыстыратын ұстын деп білуден басқа жол жоқ.

Мәди АЛЖАНБАЙ