Наурыз – ырыс пен ынтымақтың бастауы

Уақыты: 24.03.2025
Оқылды: 507

Наурыз – жылдың басы. Қалыптасқан  салт-дәстүрге сай бір ай бойы тойланатын ұлық мереке 23-ші наурыз күні Жетісу облысының орталығына қарасты Өтенай ауылдық округінде айрықша сән-салтанатпен аталып өтті.

Мерекелік шараға қатысқан Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл жиналған қауымды мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Шаһар басшысының сөзінше, бүгінде 15 мыңнан астам тұрғыны бар Өтенай ауылының құрамына Еңбек, Мойнақ, Ынтымақ, Пригородный және Жастар-1, Жастар-2, Жастар-3 сынды бірнеше елдімекен кіреді. Осыған байланысты ауыл-аймақты дамытудың алғы шарты – халық қажетін қанағаттандыру. Сол үшін бүгінде Өтенай ауылы аумағындағы жұрттың ауыз су, жол, жарық, газ тарту мен мектеп, аурухана, балабақшаға қатысты өзекті мәселелері кезең-кезеңімен өз шешімін табуда. Сонымен қатар, ауылда түрлі мерекелік іс-шаралар жоғары деңгейде тойланып, өңір мәдениетінің дамуына өз үлесін қосуда.

Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған шарада ауылдық мәдениет үйінің алаңына бірнеше киіз үй тігілді. Мерекеге келген меймандарды ақ жаулықты әжелер ақ шашуын шашып қарсы алса, ақ  ақсақалды аталар ақ батасын арнады. Әр үйде жұртқа жеті түрлі дәннен дайындалған наурыз көже таратылып, алаңда қолөнер шеберлерінің бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Онда көздің жауын алатын әшекей бұйымдармен қатар, ауыл кәсіпкелерлерінің өздері өндірген сабын және құрылыс заттары қойылған. Сонымен бірге ұлттық спорт түрлерінен арнайы сайыс өткізіліп, топ жарғандар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Онда жастар гір көтеру, арқан тарту, тоғызқұмалақ, білек күші және қазақ күресі сынды спорттық жарыстардан өзара сынға түсіп, кіл мықтылар анықталды. Ал, өңір өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынып, әсқақ ән, мың бұралған биімен мереке мерейін асыра түсті.

Ауыл қариялардың айтуынша, Наурыз – ұлық мереке әрі бүгінде түбі бір түркі халықтары арасында кеңінен тойланатын бұл күннің орны ерекше.  Күн мен түн теңеліп, жер беті қайта түлеген осы бір мезгіл халқымыз үшін береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың бастауы. 

 – Биылғы Наурыз күллі мұсылман қауымының қасиетті мерекесі –  Рамазан айымен қатар келді. Қос мереке де ежелден халқымызбен бірге жасасып, біте қайнасып келе жатқан қазақ салт-дәстүрінің жауһары. Дәстүрлі ислам діні күллі адамзат баласын ізгілік пен имандылыққа тәрбиелейтін рухани ілім болса, Наурыз мейрамы –  жақсылықтардың жаршысы. Халық айлардың сұлтаны саналатын Рамазанда қайырымды істерімен, ізгі амалдарымен мол сауап жинауға тырысса, наурыз айында да ізгілікті істерге атсалысады. Міне, бұл басталған жылымыз ырысты,  халқымыз табысты болсын деген  ақ тілектердің нышаны. «Ырыс алды – ынтымақ» деген даналар, сондықтан Әз-Наурыз әр шаңыраққа молшылық пен құт-береке, қуаныш пен бақыт әкелсін. Еліміздің әрдайым еңсесі биік болып, халқымыз бейбіт өмірде берекелі ғұмыр кешуіне тілектеспін. Баршаңызға амандық, ашық аспан, толайым табыс тілеймін! Ұлыс оң болсын!– дейді ауыл тұрғыны Беделбек Сүлейменов .

    Айдын КӘЛІМХАН