СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ ТӨРАҒАСЫ АЛМАТЫ ӨҢІРІНЕ КЕЛДІ

Уақыты: 06.02.2021
Оқылды: 1840
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Қарасай және Іле аудандарында болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алдымен Қарасай ауданына ат басын тіреген Алик Жатқамбайұлы мұндағы Ұмтыл және Жібек жолы ауылдық округтерінде болып, ауылдық әкімдік ғимаратының жай-күйін өз көзімен көрді. Мұнда тозығы жеткен ғимараттардың орнына заман талабына сай кеңселер тұрғызу мәселесі көтерілді. Сол сияқты Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылындағы 28 жылдан кейін қалпына келтірілген Мәдениет үйіне арнайы келіп, руханият ордасының жұмысына оң бағасын берді.

Осыдан кейін Іле ауданының Боралдай ауылында ат басын бұрған ол «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай етіп күрделі жөндеуден өткізілген сервистік әкімдіктің жұмысымен танысты.

Бұл жерде Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев жаңаша жұмыс жасауға көшкен әкімдіктің міндеттері туралы түсініктеме беріп өтті. Жоғары лауазымды тұлғаның ел ішінде жүргенінен құлағдар болған Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты «Жастар» саяжайының тұрғындары Дәрігүл Бекнұсқаева, Кәмшат Қабулова, Айман Бекімшіновалар Алик Жатқамбайұлының қабылдауын өтініп, келісімін алғаннан кейін өздерінің арыз-шағымдарын ауызша жеткізді. Тұрғындар негізінен саяжайда заңсыз жиналатын қаражат пен ауыл әкімі және саяжай басшысының дөрекі әрекеттерін тілге тиек етті. Оларды мұқият тыңдаған агенттік төрағасы айтылған жайларды назарға алып, мұқият тексеру жүргізуге уәде берді.

Осыдан кейін Іле аудандық әкімдігінде Алматы облысының азаматтық сектор өкілдерімен, инвесторларымен, кәсіпкерлерімен және қала, аудан әкімдерімен кездесу өткізілді.

Атап айтқанда, жиынға Іле, Жамбыл, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Балқаш, Талғар аудандарының және Қапшағай қаласының әкімдері, сондай-ақ, аталған аудандардың ірі компания өкілдері қатысты. Басқосуды Алматы облысы әкімінің орынбасары, «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің кураторы Рустам Әли жүргізіп отырды.

Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ернар Мақажанов өзі басқарып отырған мекеменің өткен жылы атқарған жұмыстары мен 2021 жылға арналған жоспары туралы баяндады. Баяндама барысында бейнематериалдар көрсетіліп, қоғамды іштей мүжіген жегіқұрттың зияны жайлы айшықты көріністер жұрт назарына ұсынылды.

Осыдан кейін Алматы облысы бойынша ақпараттық-ағарту штабының мүшесі, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ректоры Қуат Баймырзаев сөз алып, өткен уақыт аралығында жасаған жұмыстары мен қоғамдағы парасаттылық мәдениетін қалыптастырудағы азаматтық қоғамның рөлі туралы баяндады.

Ал облыс бойынша арнайы мориторинг тобының төрағасы Виктор Викторович Тен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріндегі арнаайы мориторингтік тобының рөлі, 2021 жылға арналған жоспары» турасында кеңінен тоқталып өтті.

Жиында Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев пен Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаевтар да сөз алып, күн тәртібіне қойылып отырған мәселе бойынша өңірлерде атқарылып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Жиынды агенттік төрағасы Алик Шпекбаев қорытындылап, облыс аумағында жергілікті атқарушы органдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының іске асыруы жайында, сондай-ақ, «Жетісу-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында атқарылған жұмыстарға қатысты өз ойын ортаға салды. Қоғамды іштей ірітетін қатерлі індет - жемқорлықтың алдын-алуға қатысты ұсыныстар мен шаралар кеңінен тарқатылды.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай, Іле аудандары

Алматы облысы