Сақтық шарасы басты назарда

Уақыты: 01.06.2017
Оқылды: 1355
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қаскелең қаласындағы аудандық Мәдениет үйінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен терроризмнің алдын алу, сондай-ақ, терроризм актісі кезіндегі іс-қимыл тақырыбында облыстық семинар болып өтті. Оған Қарасай, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Кербұлақ, Талғар аудандары мен Қапшағай қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылары, кітапхана, Мәдениет үйлерінің директорлары қатысты.

 

Жаһандану үрдісі әлемге жақсылықпен қатар қауіп-қатерді қоса ұсынуда. Шекараларды да, құрылықтарды да місе тұтпайтын терроризм мен экстремизм белгілері, өкінішке орай, бейбітшілікті арқау еткен біздің елде де көрініс бере бастағаны осыны аңғартады. Осыған байланысты, бейқамдықты қойып, оқыс оқиғалардың алдын алу, жаманат бола қалған жағдайда қажетті іс-қимылдар жасауға дайын болу – әркімнің жадында жүруі тиіс. Мәдениет саласы қызметкерлерінің алқалы жиынында осы мәселелер жан-жақты талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбекова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы бесінші басымдықта көрсетілгендей, терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу шараларын ұйымдастыруда мәдениет саласы қызметкерлерінің алдында тұрған мақсаттар мен міндеттерге тоқталды. Тәжірибе көрсеткендей, жанкештілер ең алдымен адам шығынының барынша мол болуын қамтамасыз етуге тырысады. Ал жұртшылық әуежайларда, теміржол вокзалдарында, содан кейін театрлар мен көпшілік мәдени шаралары өтетін жерлерде молынан жиналады. Мысалы, былтыр ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты республика бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырылса, жыл басында Алматы қаласында өткен қысқы Универсиадаға әлемнің әр шалғайынан жүздеген спортшы мен қонақ келгені белгілі. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұрын-соңды болмаған сақтық шаралары жүзеге асырылды. Осыны айта келе облыста 243 Мәдениет үйі бар екеніне тоқталған Әлия Әлімжанқызы бүгінгі күнге олардың тек 151-і ғана террористік акт бола қалған жағдайда құтқару шараларын ұйымдастыруға қатысты паспорт жасап үлгергенін тілге тиек етті. 
Облыстық ішкі істер департаментінің қызметкері, полиция полковнигі Қалибек Еселбаев өз сөзінде еліміздегі діни экстремизм мен терроризм көріністері турасында жалпы мағлұмат беріп, жастарымыздың жат ағымдарға бой алдыруы, олардың жасаған қылмыстары үшін алатын жазасы жайлы заң тұрғысында түсіндіріп берді. Одан соң облыстық халық шығармашылығы орталығының мәдени көпшілік шараларды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Асқар Нұрмұхаметов жұртшылық молынан жиналатын басқосулар мен көпшілік шаралардың сырт көзге көріне бермейтін тұстарын да жақсы білетінін атап өтіп, оқыс оқиғалардың алдын алу және сақтық шаралары жайында нақты мысал келтіре әңгімеледі. Ал облыстық дін істері басқармасының дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының дінтанушысы Ерлан Матаев экстремизм және терроризм деген ұғымдардың шығу тегі, әлемдегі көріністеріне тоқталып, теріс ағымдардың жетегінде кетпеудің жолы жайлы ойын ортаға салды. Сонау VІІІ–Х ғасырларда қазақ жеріне орныққан Ислам діні ата-бабаларымыздың дәстүрлі дініне айналып, ізгілік нәрін сеуіп келе жатқанын тілге тиек еткен ол түрлі ағымдардың ықпалымен жат әрекеттерге барып жүрген бауырларымызды түзу жолға шақырды. «Экстремизм мен терроризммен күресеміз деп жүріп өзіміздің дәстүрлі дінімізбен күресіп кетпейік!» – деген Елбасының сөзін мысалға алған Ерлан Жұманұлы діни сауаттылық адасудан сақтайтынын жеткізді.
Соңынан семинарға келген мәдениет қызметкерлері күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша баяндамашыларға өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, жан-жақты түсініктеме алды.

Қуат Қайранбаев