АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ПОЛИЦЕЙІ ТҰРҒЫНДАР АЛҒЫСЫН АРҚАЛАДЫ

Уақыты: 27.02.2021
Оқылды: 1042
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының бас полицейі Серік Күдебаев онлайн қабылдау өткізіп, тұрғындардың алғысын арқалады. Бұл туралы "Жетісу" газеті полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

«Инстаграм» әлеуметтік желісі арқылы апта сайын халықпен онлайн кездесуді жұмыс тәртібіне енгізген Алматы облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Серік Күдебаев кезекті рет тұрғындардың мәселелерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Полиция қызметіне қатысты мәселені егжей-тегжейлі қарастыратын бас полицей полиция бөліністерінің басшылығына тиісті тапсырмалар да береді.

- Онлайн кездесу барысында 27 жылқысын тәртіп сақшылары тауып, аман-есен қайтарып берген Алматы облысының тұрғыны полиция генералына өз алғысын білдірді. Облыстың басқа тұрғыны 7 малының қолды болғанын айтып, аталған мәселе генералдың бақылауына алынғанын және күдіктілерден ақ-адал малының кері қайтарылғанын атап өтті. Полиция жұмысын жоғары бағалап, алғыс айтқан тұрғындарға көп рахмет, - деді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі, полиция майоры Ақбота Әзірбек.

Генералмен тілдесу үшін тұрғындарға сұрақтарын жазбаша да, "Ватсап" желісінде бейнебайланыс арқылы да қою мүмкіндігі қарастырылған. Жетісу полициясының басшысына айтылған кез келген мәселе облыстық полиция департаментінің бақылауына алынуда.

"Қызметіңізге рахмет! Бала-шағаңыздың қызығын көріңіз! Осылай тікелей эфир өткізуді апта сайын жалғастыра беріңізші», - деп хабарлама қалдырды жазылушылардың бірі және мұндай ізгі тілекке толы лебіз өте көп.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"