БАЛҚАШ КӨЛІНДЕ ЗАҢ БҰЗҒАН ҚАРАҒАНДЫЛЫҚ БАЛЫҚШЫ ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 27.02.2021
Оқылды: 1738
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері браконьерден 90 келіден астам сазан балығын тәркіледі.

Браконьердік жасады деген күдікпен Қарағанды облысының тұрғыны ұсталды. Балқаш ауданының табиғат қорғау полицейлері облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының өкілдерімен бірлесіп, «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Балқаш көлінде заңсыз балық аулап жүрген 33 жастағы жігітті ұстаған. Тергеу барысында оның Қарағанды облысы, Балқаш қаласының тұрғыны екені анықталды.

- Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіден 90 килограмнан астам сазан балығы тәркіленді. Сонымен қатар, барконьердің елімізде тыйым салынған пластикалық ауды пайдаланғаны әшкереленді. Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу дерегі бойынша іс материалдары жақында сот қарауына жолданады, - деді Балқаш ауданы жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Азамат Абдрахманов.

Табиғат қорғаушылардың есептеулеріне сәйкес, күдікті мемлекетке 350 мың теңгеге жуық материалдық залал әкелген. Полиция өкілінің айтуынша, тәркіленген пластикалық аулар жойылады, ал балықтар арнайы қабылдау орындарына өткізіледі. Одан түскен қаражат мемлекет пайдасына аударылмақ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"