Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ОБЛЫСТА ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫЛҒАНДАРДЫ ТЕКСЕРЕТІН ДӘРІГЕР МАМАН ТАПШЫ

Уақыты: 06.03.2021
Оқылды: 271
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен азаматтарды 2020 жылдың күзіндегі әскерге шақыру қорытындысы және 2021 жылғы  көктемгі шақыруды сапалы өткізуге арналған кеңес өтті. Селекторлық режимдегі жиынға аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, медициналық және шақыру комиссиясының, жергілікті әскери басқару органдарының, полиция департаментінің өкілдері қатысты.

Тақырыпқа қатысты баяндама жасаған облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Талғат Дәулетханов былтыр күзде Жетісу жерінде 1994-2002 жылдар аралығында туған 1971 азаматты шақыру көзделгенін, нәтижесінде, 2031 адам әскерге аттанып, жоспар 103 пайызға орындалғанын атап өтті.

– Әскерге шақыру жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізілді. Шақырылғандарды сапалы медициналық тексеруден өткізу үшін аудан, қалаларда 21 медициналық комиссия және Талдықорған қаласындағы облыстық қабылдау пунктінде бір медициналық комиссия құрылды, – деген Талғат Жасболатұлы әскерге шақыру науқанына дәрігерлердің жетіспейтінін мәселе ретінде көтерді. – Мысалы, Талдықорған қаласында психиатр, Сарқан ауданында дерматолог, Балқаш ауданында офтальмолог, лор, психиатр, Ескелді ауданында офтальмолог, Қаратал ауданында офтальмолог, невропатолог, дерматолог жоқ. Кей аудандардағы емханалар мен ауруханаларда медициналық құрал-жабдықтармен қатар диагностикалық зертханалар жетіспейді. Сондықтан әскери міндетті жастар тексерістен өту үшін Талдықорған қаласына келуге мәжбүр.

Баяндамашының айтуынша, аудандардың басым бөлігіндегі әскерге шақыру пункттері тарлық ететіндіктен медициналық комиссия құрамындағы дәрігерлер адамдарды бір бөлмеде қабылдайды. Айталық, облыс орталығындағы 74 адамға арналған шақыру пунктіне бір кезеңде 50-ден 90-ға дейін адам келіп, тексеріледі. Көтерілген мәселелерді мерзімінде шешу үшін жауапты тұлғаларға тапсырма берген Лаззат Махатұлы Іле және Көксу аудандарының әкімдеріне сын айтып, түрлі сылтаумен әскерге шақыру ісіне кедергі жасаған азаматтарды жергілікті полиция басқармасының мамандарымен бірге іздеп, табуды тапсырды. Көктемгі әскерге шақыруды сапалы өткізу үшін жүйелі жұмыс істеу керектігін де ескертті.

Бүгінде көктемгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Түбегейлі тексеруден өткен Жетісу жерінің азаматтары ҚР Қарулы Күштерінде, ҰҚК Шегара қызметінде, Президенттің Мемлекеттік күзет қызметінде, ҚР ІІМ Ұлттық Ұланының қатарында әскери борышын өтейді. Отбасылы ер-азаматтар кәмелетке толмаған балалары болған жағдайда, сондай-ақ, жоғары оқу орнында күндізгі бөлімде білім алып жатса және денсаулығына байланысты ем қабылдап жүрсе уақытша борышын өтеуден босатылады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды