ТАЛҒАРДА БҰРЫН АУЫР ҚЫЛМЫС ЖАСАҒАН ВЕЛОСИПЕД ҰРЫСЫ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 28.03.2021
Оқылды: 978
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талғар ауданының полицейлері кәнігі ұрының екі велосипедті қолды қылғанын әшкереледі. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Талғар ауданының 50 жастағы тұрғыны полицияға хабарласып, ауласында тұрған екі велосипедті белгісіз біреудің ұрлап кеткенін айтқан. Жедел іздестіру шаралары барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 1986 жылы туған Талғар ауданының тұрғыны ұсталған.

- Бұлтартпас айғақтардан кейін күдікті қылмысын мойындады. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Өзге ақпарат заң талабына сәйкес таратылмайды, - деді Талғар аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Жанболат Зиадин.

Тәртіп сақшылары тергеу кезінде ұсталған жігіттің осыған ұқсас және ауыр қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын анықтаған. Қазір күдіктінің ашылмаған басқа қылмыстарға қатысы бары тексерілуде.

Күдікті қолды қылған велосипедтерді базарда арзан бағада сатып жібергенін айтқан. Заңсыз әрекеті арқылы ол зардап шегушіге шамамен 120 мың теңге мөлшерінде материалдық шығын алып келген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан