АРАҚ ІШУДІҢ ЗАҢ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ҚАНДАЙ? ПОЛИЦИЯ ТҮСІНДІРДІ

Уақыты: 29.03.2021
Оқылды: 1365
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері ішімдік ішудің немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келудің жауапкершілігі туралы түсіндірді.

Кербұлақ ауданының полицейлері тұрғындар арасында қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес алкогольдік ішімдіктерді ішудің немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келудің жауапкершілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

- ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 440-бабына сәйкес алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу әкімшілік жауапкершілікті қарастыратыны ескертілді. Бұл құқық бұзушылық үшін айыппұл салынады, дегенмен, 1 жыл ішінде қайталанса, 5 тәулікке дейін әкімшілік қама алу жазасы да көзделген, - деді Кербұлақ ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.

Ауданның бас полицейінің таратқан ақпаратқа сәйкес, тәртіп сақшылары жыл басынан бері қоғамдық орындарда масаң күйде жүрген 33 адамды жауапкершілікке тартқан. Құқық бұзған тұрғындарға хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Сонымен қатар, полицейлер арнайы орындардан тыс жерде ішімдік ішуге және масаң күйде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдық имандылыққа нұқсан келтіретін әрекетке жол беруге болмайтынын атап өтті. Ол үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген.

- Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім құқық бұзса, оның ата-анасы немесе оларды алмастыратын адамдар жауапқа тартылатынын естен шығармаған абзал. Ал құқық бұзушылық қайта тіркелсе, жауапкершілік екі есе артып, әкімшілік қамауға алынуы мүмкін, - деп толықтырды полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан