БАЛҚАШ АУДАНЫНДА КӨЛІГІ ҚҰМҒА БАТЫП, ЖОЛДАН АДАСҚАНДАР ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Уақыты: 09.04.2021
Оқылды: 920
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Балқаш полицейлері бағытынан адасып, жолда қалған алматылықтарға көмек қолын созды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Балқаш ауданының полицейлері табиғат қорғау заңнамасы талаптарының бұзылуын болдырмау мақсатында арнайы рейд жүргізу кезінде Ақжар ауылынан 45 шақырым қашықтық елсіз жерде көлігі жолда қалған Алматы қаласының тұрғындарына қол ұшын созды.

- Әкімшілік аумақты дүрбімен бақылау кезінде алыста бейтаныс көліктің жүргенін байқадық. Бас кезінде оларды браконьерлер деп ойладық. Бір уақытта олар құмда жүре алмай, көліктері тоқтады. Тез арада қастарына барып, қол ұшын бердік. Ауданымыздағы шаруа қожалықтарының біріне қонаққа келе жатқан алматылықтар екен, - деді Балқаш аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Азамат Абдрахманов.

Тәртіп сақшылары қонақтардың жол талғамайтын көлігін сүйреп шығарып, бағыт алған жерлеріне жол сілтеп, шағарып салды. Елсіз мекенде көп күттірмей көмекке келген полицейлерге жолаушылар көп алғыс айтты. Ең жақын ауылдың бір көш жерде екенін ескерсек, полицейлердің қырағылығы болмағанда, жолаушылар жол азабын біраз тартатыны анық еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"