ЗАҢСЫЗ ТЕКСЕРУЛЕР ШЕКТЕЛДІ

Уақыты: 16.06.2021
Оқылды: 993
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуға жол бермеу туралы атап өтті. Президенттің Жарлығымен шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімге тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий жарияланды.

Мораторий жарияланған сәттен бастап Алматы облысының прокуратура органдары кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз тексерулер мен профилактикалық бақылаудың өзге де нысандарын жүргізудің 244 фактісін, оның ішінде мораторий талаптарын бұза отырып жүргізудің 128 фактісін анықтады. Мысалы, өткен жылы Еңбекшіқазақ ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері азық-түлікті бөлшек саудада өткізу дүкенінің қызметін аралап, тексерді. Лауазымды тұлғаға қатысты аудан прокурорымен ҚР ӘҚБтК-нің 175-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды және сот қаулысымен кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы бір жағдай, 2020 жылы Қапшағай қаласының Ішкі істер органдарымен террористік тұрғыдан осал объектілерге қойылатын талаптардың орындалуы тұрғысынан екі шағын кәсіпкерлік субъектісі тексерілді. Бұл ретте бизнес субъектілері мұндай объектілердің тізбесіне кірмеген. Қадағалау актісі бойынша заңсыз тексерулердің нәтижелері жойылды, кінәлі адамдар жазаланды.

Ағымдағы жылы полиция қызметкерлері мониторингтік топтардың қызметіне қатысты деген сылтаумен кафе, мейрамханалардың қызметінде карантиндік шектеулердің заңдылығының сақталуына жеке-дара тексеру жүргізді. Ал полиция органдары мұндай тексерулерді тек мониторингтік топтардың құрамында ғана жүргізуге тиіс. Қадағалау актілері бойынша 18 кәсіпкердің әкімшілік жауапкершілікке тартылуына жол берілмеді, кінәлі полицейлер тәртіптік жазаға тартылды.

Заңсыз тексерулер мен профилактикалық бақылаудың өзге де фактілеріне басқа мемлекеттік бақылау органдары тарапынан да жол берілген. Барлық анықталған фактілер бойынша шаралар қолданылып, бизнестің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

Алматы облысында кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында бизнесті қорғау жөніндегі мобильді топтар құрылып, жұмыс істеуде, олардың байланыс телефондары облыс прокуратурасының сайтында орналастырылған.

«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»