Тыныштық күзетінде

Уақыты: 25.06.2016
Оқылды: 1751
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Тәртіп сақшыларының төл мерекесі – Полиция күнінің құр­ме­тіне Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағында салтанатты жиын өтті. Жылына бір келер айтулы күнде ақ тілектер ағылып, белсенді қызметкерлер марапатталды.

Облыстық ішкі істер де­пар­таментінің ұйымдастыруымен өткен шараға ішкі істер ор­ган­дарының басшылары, ардагерлері, жеке құра­мы және қызмет бабында қаза тап­қандардың туыс-ту­ған­дары қатыс­ты. «Құрметті ішкі істер орган­дарының қызметкерлері мен арда­герлері, сіздерді кәсіби мереке­леріңізбен шын жүректен құттық­таймын! Осы мереке күні әрқай­сыңыз таңдаған маман­дықта­рыңыздың қоғамдық маңыз­дылы­ғын сезініп, мақтан тұ­та­сыздар. Полиция қызметкерлері өздеріне жүктелген жауапты мін­детті абы­рой­мен атқаруда. Сіз­дер­дің әрқай­сыңыздың өздеріңіздің кәсіби және азаматтық борыш­та­рыңызды адал өтеуге әруақытта да дайын екен­деріңізге сенімдімін», – деп лебізін білдірген облыс әкімі Аман­дық БАТАЛОВ тәртіп сақ­шылары жұ­мы­­сының маңыз­ды­лығын сөз етіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құ­рыл­ған жергілікті полиция қыз­метінің құқықбұ­зушы­лықты тежеу жолында аянбай тер төгіп жүр­ген­дерін тілге тиек етті. Шара ба­ры­сында облыс басшысы ішкі істер мекемелерінің техни­калық базасын нығайту мақсатында 25 жаңа ав­то­көлік пен бірнеше адамға пәтер кілтін табыс етті.

Әрмен қарай марапаттау рәсімі орын алып, құқық қорғау саласында қызметін адал атқарып, жақсы нәти­желерге қол жеткізген бірқатар тәртіп сақшылары Амандық Ғаб­басұлының Құрмет грамотасына ие болды. Осы салада талмай еңбек етіп жүрген өзге де қызметкерлерге шен беріліп, арнайы Алғыс хаттар табыс­талды. Өз кезегінде, ішкі істер орган­дарының материалдық-тех­ни­калық базасын нығайтуға қосқан үлкен үлесі үшін облыс әкімі Аман­дық Баталов ішкі істер орган­да­ры­ның «Ардагер» медалімен м­а­ра­пат­талды.

Қуанышты еселей түскен облыс­тық ішкі істер департаментінің бас­шысы, генерал-майор Мұрат Ұрұм­ханов «Халықтың өмірі мен ден­саулығын сақтау жолында жан тап­сыр­ған әріптестеріме және олар­дың барша туыстарына ба­сымды иемін. Олардың құрметіне ІІД-нің ауласына ескерткіш тақта орнатылып, есімдері жазылды. Уақыт өткен сайын оларға деген құрметіміз артып, есімдерін мәң­гілік жүрегімізде сақтаймыз», – дей келе жас қызметкерлерге тәрбие беруде өз үлестерін қосып жүрген ардагерлерге ерекше алғыс айтты.

Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, оған өнер жұлдыздары Жолбарыс Сейфуллин, Медеу Арынбаев, «Нұр­мұқасан» тобы және басқа да өнер­паздар ән шашуларын шашып, жи­нал­ғандарға мерекелік көңіл-күй сый­лады. Сонымен қатар Рамазан айына дөп келген мерекеге орай «Иман» мешітінде 400-ден астам адамға ауызашар беріліп, ле­бізд­ер­ге құлақ түрілді.

Мәулен Әнербай