33500 ДОЛЛАР! АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ІРІ КӨЛЕМДЕГІ ЖЕМҚОРЛЫҚ ДЕРЕГІ ТІРКЕЛДІ

Уақыты: 21.07.2021
Оқылды: 1142
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бастығы мен келісімшарт жасаушы ұйым басшылығына қатысты аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасады деген күдікпен сотқа дейінгі тергеуді бастады.

"Бөлім бастығы ЖШС басшылығынан 666 миллион теңгені құрайтын келісімшарттың 15 пайызын құрайтын алдын-ала келісілген 90 миллион теңгенің 33 500 АҚШ доллары көлеміндегі "откатты", яғни, пара алды деп күдікке ілінді. Ол параны ЖШС-ні мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы деп тану және "Бизнестің жол картасы - 2025" бизнесті дамыту мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында бөлінген қаражат есебінен салынып жатқан объектіде орындалған жұмыс көлемін одан әрі кедергісіз қабылдау үшін алған," - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің zakon.kz сайтына шыққан хабарламасында.

Департаменттің нақтылауы бойынша, мердігер ұйымның лауазымды адамы, құрылтайшысы және директоры аса ірі көлемде пара алды және пара берді деген күдікпен ұсталып, Алматы облысының уақытша ұстау изоляторларына қамалды.

"Профилактикалық шараны таңдау мәселесі шешілуде. Тергеу амалдары жалғасуда. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүдделеріне қатысты басқа ақпарат жария етуге жатпайды", - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"