СІЗ ТҰТЫНУШЫСЫЗ, БІРАҚ…

Уақыты: 18.08.2017
Оқылды: 1194
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Көптеген адамның азаматтық ұстанымдары жоғары. Бірақ істің мәніне келгенде абдырап қалады. Олар сот талқылауларынан аулақ болғанды қалайды. Әрбір азамат «сот» деген сөзді естігенде, еріксіз іштей шошынады. Алайда сіздер жанжалды немесе дауды сот тәртібінен тыс реттеудің көптеген тәсілі бар екенін білесіздер ме?

Сонымен, сот тәртібінен тыс тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың мынадай тәсілдері бар. Біріншіден, тұтынушы өз еркімен құқығын қорғау туралы жазбаша немесе ауызша тәртіпте тікелей сатушыға немесе тауарды сатуды жүзеге асыратын әкімшіге жүгіне алады. Көптеген жағдайда аталған тәсілмен дау шешімін табады. Мысалы, тұтынушы сауда үйінде балалар ойыншығын сатып алса, сатушыдан түбіртек сұрай алады («Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 18-бабы). Алайда сатушы оны беруден бас тартса, құқығының бұзылғандығы туралы сауда үйінің әкімшісіне жүгіне алады. Бұл мәселе ҚР Салық кодексінің 644-бабы, 5-тармақшасымен қаралады. Екіншіден, тұтынушы өзінің құқықтарын қорғау туралы шағыммен (өтінішпен) тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне жүгіне алады. Айталық, тұтынушы қымбат косметикалық өнімді сатып алу-сату туралы шарт жасасады. Келесі күні тұтынушы косметикалық өнімнен бас тартуды ұйғарды делік. Сатушы тауар айырбастау­ға жатпайтын медициналық бұйым болып табылатындығын айтып, тауарды қайтып алудан бас тартады. Тұтынушы сатушының іс-әрекетіне шағымдана отырып, тұтынушылардың қоғамдық бірлестігіне жүгіне алады. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 14-бабының 1-тармағы мен 42-бабындағы тәртіппен мәселе қаралады. Нәтижесінде сатушы ақшаны қайтарып, тауарды қабылдайды.
Үшіншіден, тұтынушы сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) қатысты шаралар қабылдау үшін уәкілетті органға шағымдана алады. Мысалы, тұтынушыға емханада сапасы төмен медициналық қыз­мет көрсетілсе, ол дауды шешу үшін медицина мекемесінің меңгерушісіне, одан кейін бас дәрігерге жүгініп, олар дауды шешпеген жағдайлар кезігеді. Одан кейін тұтынушы учаскелік дәрігердің іс-әрекетіне қатысты фармацевтикалық және медициналық қызмет көрсетуді бақылау департаментіне шағымданады. Департаменттің қызметкерлері тексеру жүргізіп, дәрігерді жауапқа тарту үшін шара қабылдайды. Тұтынушыдан кешірім сұрайды және тиісті медициналық қызмет көрсетіледі.
Енді сіз тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қандай тәсілдері бар екенін білесіз. Осының барлығын тәжірибе жүзінде қолданыңыз және са- уатты тұтынушы атаныңыз.

Т. ГАЛИНОВ,
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды 
реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау
комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы.