ЕЛ ҚАУІПСІЗДІГІ САҚТАЛАДЫ

Уақыты: 18.08.2017
Оқылды: 1496
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Облыстық әкімдіктің үлкен жиынжайында облыс­тық күзет қызметі басқармасының ұйымдастыруымен «Күзетілетін объектілерге қарулы және террористік шабуыл жасалу қаупі кезіндегі қызметкерлердің іс-қимылы» атты семинар өтті. Шараны облыстық күзет қызметі басқармасы басшысының орынбасары Дидар Аубакиров жүргізіп отырды.

Бүгінгі таңда экономикасы қарыштап дамыған еліміздің қауіпсіздік қызметін де ширатып отыру керек. Ол үшін күзет қызметінің арқалайтын жүгі салмақты. Сондықтан «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл» жөніндегі 2013 – 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Аталған бағдарламаны іске асыру жөнінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов­тың басшылығымен медиажоспар жасалып, түрлі сақтық шара атқарылуда. Ең бастысы, қолға алынған мәселе мен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңірде ел өміріне қауіп төндіретін немесе тұрғындарды алаңдататын қауіпті жағдайлар орын алған жоқ.
 «Қаупің неден болса, қатерің содан» дегендей, әлемді алаңдатып отырған экстремизм мен терроризм біздің елге де қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан сала мамандары сауысқаннан да сақ болғаны дұрыс. Осыған байланысты облыстық күзет қызметінің мамандары саптық бөлініс қызметкерлеріне дәріс оқып, семинар ұйымдастырып, полигон алаңдарында тәжірибелік сабақтар, психологиялық, психопрактикалық іс-шаралар өткізіп тұрады. Бұл семинар соның жалғасы.
Семинар барысында осы мәселелер көтеріліп, ашық әңгімелер өрбіді. Әсіресе, күзетілген объектілерге террористік шабуыл кезіндегі қызметкерлердің кәсіби және психологиялық дайындығы туралы, жарылғыш құралдардың сипаты, террорис­тердің іс-қимылдары мен мінез-құлқы, терроризм, экстремизм туралы мәселелер талқыланды. Қызметкерлерге тақырыпқа байланысты бейнежазбалар ұсынылып, жадынамалар таратылды.


Қ. ОМАРАҚЫН.