Тыныштық күзетінде

Уақыты: 22.08.2017
Оқылды: 1465
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Шекарашы – ел іргесінің бүтіндігі мен мемлекеттің тұтастығына қол сұғушыларды тоқтататын арнайы әскер. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында темірдей тәртіпті қадағалап, алдыға қойған үлкен міндетті арқалап жүрген шекарашылар ел іргесін күзету мен қорғауда бір сәтке де босаңсымайды. Сондықтан да алпауыт Қытай мемлекетімен шектесіп жатқан Қазақстан шекарасының беріктігін сақтау №2534 әскери бөлімі үшін аса маңызды міндет. Соған орай әскери бөлім өз қызметін абыроймен атқарып келеді. 18 тамыз ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің – 25 жылдығына орай аудандық Мәдениет үйінде салтанатты шара өтті.

Жиын шекарашылар туралы ақпарат беретін бейнебаянмен басталып, мемлекеттік Гимнге ұласты. Осыдан кейін шекарашыларды кәсіби мерекесімен құттықтау үшін мінбеге көтерілген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асқан еліміз осы уақыт аралығында шекарамызды ретке келтіріп, көршілес жатқан мемлекеттермен терезесін теңестіргендігін айтты. Сонымен қатар, мемлекет болудың белгісі – жері мен халқы екендігін ескеріп, бабалардан қалған ұлан-байтақ жерді қырағылықпен қорғап, шегінің бұзылмауын қадағалап отырған шекарашыларға ыстық ықыласын жеткізді. Құдай қосқан көршісімен әрдайым тату тұрып, ішкі бірлікті сақтаған халқымыздың өткен тарихына көз жүгіртіп, еліміздің амандығын, жұртымыздың және заманымыздың тыныштығын тіледі. Ыстық ықыластан кейін облыс әкімінің Алғыс хатын №2534 әскери бөлімінің шекара қызметкерлеріне табыс етті.
Одан соң сөз кезегін алған аудан әкімі Алимжан Тохтасунов шекарашыларды мерекелерімен құттықтап, көк Туымыздың биік желбіреуін, Елтаңбамыздың төрден орын алуын, Гимніміздің мәңгілік шырқалуын тілеп, аудан әкімінің Алғыс хатымен бірнеше шекара қызметкерін марапаттады. Ал №2534 әскери бөлімінің басшысы Ғани Ағадиев сөз кезегінде шекара қызметкерлерінің 25 жыл ішінде абыроймен атқарған жұмысын таныстырып, алдағы уақытта да шекараның бұзылмауына қырағыдай қызмет етеміз деп сендірді. Одан соң ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің – 25 жылдық естелік медалі аудан әкімі Алимжан Тохтасуновқа, аудан әкімінің орынбасары Құралбек Бекмұханбетовке, аудандық мәслихат хатшысы Нұрәкім Есжанға, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Нұровқа және Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының басшылары мен шекарашы ардагерлерге табысталды. Мерекелік шара №2534 әскери бөлімінің қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарламаға жалғасты. Мың бұрала би билеп, әсем ән айтып, көңілді жылытар күй шерткен шекарашылар өнеріне тәнті болған аудан тұрғындары мен қонақтар қару-жарақ көрмесімен танысып, сарбаздардың шекара бұзушыны құрықтау, ұрыс кезіндегі әдістер, әскери техникалардың міндеті сияқты көріністерге куә болды.


Думан ТОЙҒАЗЫҰЛЫ.
Ұйғыр ауданы.