Демократиялық жаңару кезеңі

Уақыты: 29.08.2017
Оқылды: 1406
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция егеменді еліміздің құрылымын белгілейтін ең басты құжат. Ата Заң қолданысқа енгізілген күннен елімізде жаңа қатынастардың қалыптасуы жолындағы даму үдерістері үздіксіз жүргізіліп келеді. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық негіздегі зайырлы, құқықтық және әлеуметтік жағынан дамыған ел ретінде орнықтырып, ең басты құндылығы – адам және адам өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары туралы қағидаларды жүзеге асыруда.

Осындай игілігімізді – адам құқықтары мен бостандықтарын барынша қорғау мақсатында, құқықты ізгілендіру ниетімен Конституцияға биыл толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Оның ішінде, Конституцияның 83-бабына бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізіліп, прокуратура органдарының өкілеттілігі бекітілді. Атап айтқанда, ҚР Конституциясының 83-бабы бойынша прокуратура мемлекет атынан ел аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесiн қорғайды және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. Сондай-ақ, Республика Прокуратурасы төменгі прокурорларды жоғары тұрған прокурорларға және Республиканың Бас Прокурорына бағындыра отырып, бірыңғай орталықтандырылған жүйе құрайды. Ол өз өкілеттігін басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз жүзеге асырады және Республика Президентіне ғана есеп береді. Сонымен қатар, Республиканың Бас Прокурорын өз өкілеттігі мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттерді қоспағанда, Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Бас Прокурор өкілеттігінің мерзімі бес жыл.
Қазіргі таңда еліміздің құқықтық жүйесіндегі ең жоғарғы қадағалаушы орган – прокуратура органдары Конституциямен белгіленген міндеттеріне сәйкес, Қазақстан Республикасы аумағында күші бар заңдардың қолданылуын, азаматтардың Конституциялық құқығының қорғалуын, қылмыстық іс жүргізу сатыларында заңбұзушылықтардың болмауын, заңдылықтардың дәлме-дәл орындалуын бақылап, сот шешімдері мен қаулыларының әділдігіне ықпал ету жұмыстарына қатысты қадағалауды күшейткен. Прокуратура органдары бүгінгі күні күші бар Заңдар аясында әрбір аумақтағы заңдылықты өз деңгейінде орынды қолданып, құқықтық тәртіпті нығайту жұмыстарының пәрменділігін күшейтудегі өз рөлін жариялылық пен демократия тұрғысында арттыра беруді көздейді.
Республикамыздың прокуратура органдарының мәртебесі мен атқаратын қызметі Конституцияның 83-бабында көрсетілгендіктен осы құзыреттілік негізінде мемлекеттің мүддесін көздей отырып, қоғамдағы құқықтық заңдылықтың сақталуы, әділ шешімдердің үстемдік алуы мақсатындағы іс-шараларымызды Ата Заңда белгіленген шекте жүзеге асыра береміз.


Ерлан Олжабеков,
Ұйғыр аудандық прокуратурасының прокуроры.