Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ШЕГАРАШЫНЫ ТӘЖІКСТАН ПРЕЗИДЕНТІ НАГРАДТАДЫ

Уақыты: 11.10.2021
Оқылды: 521
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Тәжікстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 30 қыркүйектегі № 252 Жарлығымен Республика Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және қызметтік борышын орындау кезінде танытқан ерлігі мен жанқиярлығы үшін кіші сержант Батырқанов Раджан Армияұлы 1-ші дәрежелі «Спитамен» орденімен наградталды (қайтыс болғаннан кейін).

Тәжікстанның бауырлас халқы 1993-2001 жылдар аралығында тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген Жеке құрама атқыштар батальонының әскери қызметшілері көрсеткен ерлігін еске алып, құрмет тұтады.

Анықтама: Батырқанов Раджан Армияұлы (1975-1994) жауынгер-интернационалист, батыр-шекарашы. Жеке қазақстандық құрама батальоны Күршім взводының құрамында қызмет атқарды.

1994 жылы 28 қыркүйекте Хорог шекара жасағының учаскесінде тәжік оппозициясының екі жүзден астам Хаким бастаған содырлары Висхоров шатқалындағы 5-ші және 6-шы шекара заставаларының түйіскен жерінен бұзып өтуге тырысты.

Бұл ұрысқа қазақстандық құрама батальонның жеке құрамы белсене қатысты.

Хаким содырлары 9 жүк көлігі және екі «УАЗикпен» Калай-Хумб ауданының орталығы арқылы Ауғанстан Ислам мемлекетіне өту ниетімен мемлекеттік шекара сызығының бойындағы Хорог бағытына бет алды. Лектің қозғалысын «Қара қол» лақап атымен белгілі болған содыр басқарды (кейіннен «Хаттаб» деп танылған халықаралық террорист, 1995 жылдан 2002 жылға дейін Шешенстандағы Ресей федералды күштеріне қарсы соғысқа қатысқан шешен сепаратистерінің жетекшісі).

Бұл ұрыста Р. Батырқанов қарулы содырлармен болған қиян-кескі шайқасқа бірінші болып кірді. Өз өмірінің құнымен қаруластарын құтқарып қана қоймай, ұрыста жеңіске жетулеріне жол ашты.

ҚР ҰҚК баспасөз қызметі