Аң аулау маусымы ашылды

Уақыты: 07.09.2017
Оқылды: 4250
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еліміздің аумағында аң аулау арнайы ережеге сәйкес жүргізіледі. Биылғы қыркүйек айының алғашқы сенбісінен бастап облыс аумағында Қазақстан Республикасы Қызыл кітабына енгізілген ақбас үйрек, ақбас сүңгуір, тұрпан сынды құстардың түрлерінен басқа суда жүзетін қаз, үйрек, қасқалдақ секілді жабайы құстар мен борсық, марал, қабан және сібір тауешкісіне аңшылық жасауға болады.

Аң аулау ережесіне сәйкес жабайы жануарлар мен құстардың мынандай түрлеріне де аңшылық жасауға рұқсат бар. Суырды 15 маусымнан, шалшықшыны 1 шілдеден, бөдене мен кептерді 20 тамыздан бастап атып алуға болады. Ал, елік пен тауешкінің аналығы мен бір жылдық төлдеріне 20 қыркүйектен, гималай ұлары мен кекілікке 1 қазаннан, қырғауылға 15 қазаннан бастап аңшылық жасалынады. Бір ескерте кететін жайт, аңшылық тек арнайы рұқсат құжаттары бар шаруашылықтардың аумағында жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар әрбір аңшының аң аулау ережесін, өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауы керектігін естеріңізге саламыз. Суда жүзетін құстар мен су маңы жануарларының өзгеше мінез-құлық танытуы немесе жаппай қырылуы байқалса, бірден қорық қызметіне, болмаса аудандық, облыстық аңшылық шаруашылығына шұғыл түрде хабарлау қажет. Өйткені қоршаған ортаны қорғау әркімнің азаматтық борышы. Аң атуға рұқсат қағазды аңшылық шаруашылықтары береді және өзге шаруашылықтардың аумағына кіруге немесе мерзімі аяқталған жолдамамен аңшылыққа шығуға, құжатты өзге тұлғаларға беруге тыйым салынады. Тағы бір ескере кететін жайт, тұяқты жануарларды атуға шыққан кезде аңшылық, шаруашылық қорықшысымен бірге жүру міндетті. Аң аулау тәртібі туралы ақпаратты аңшылар қоғамынан және аңшылық шаруашылықтарынан алуға болады. 
Дана халқымыздың қанында бар өнердің бірі –саятшылық. Алайда аңшылардың өрісі тарылып, өнер басқа кәсіптерден кенже қалғандай болып тұр. Аң аулау маусымының ашылуы  аңшыларға мол мүмкіндік береді. Ендеше, аңшыларымызға  қанжығаларың майлы болсын дейміз.  


Самат Байжұмаев,
облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі
 аумақтық инспекциясының бас маманы.