ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА КЕЛДІ

Уақыты: 22.11.2021
Оқылды: 1433
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат ҚОЖАЕВ жұмыс сапарымен Жетісу жеріне келді. Осыған орай Алматы облыстық әкімдігінде жиын өтіп, оған облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев, ішкі істер, құқық қорғау органдары және облыстық басқармалардың өкілдері қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Жиынды жүргізген облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауындағы ішкі істер органдарына қатысты берген тапсырмаларын атап өтті. Келесі болып сөз алған ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында енгізілген өзгерістерді, полицияның сервистік моделін құрудың маңызын түсіндірді.

– Ішкі істер органдарының жүйесінде көптеген өзгерістер орын алуда. Ондағы басты мақсат – заман талабына сай, технологиялық тұрғыдан жоғары деңгейлі, халық сенімінен шығатын полиция құру. Сол себепті полиция қызметін бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. Азаматтардың қауіпсіздігі және халықтың сенімі бірінші орында. Тәуелсіз институттар арқылы тұрақты түрде әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп келеді. Нәтижесінде кейбір функциялар алынып тасталды, – деп кез келген адам мобильді қосымша, әлеуметтік желі арқылы байланысқа шыға алатынын айтты.

– Қылмыстың алдын алу, жол ережесін қадағалу үшін қажетті жерлерге бақылау камералары орнатылып жатыр. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін модульді бекеттер қаланың адам көп шоғырланатын нүктелерінде қызмет етеді. Тұрғын үймен жапсарласа салынған учаскелік полиция пункттері полицейлердің жұмысын жандандырды. Осы бағытта Алматы облысы республика көлемінде көшбасшы атанып тұр, – деді министрдің бірінші орынбасары.

Басқосу барысында Марат Шәдетханұлы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілді енгізу жөніндегі кешенді жоспармен таныстырып, осы жұмысты әрмен қарай жүргізудің негізгі бағыттарын атады. Халықаралық тәжірибеге сүйеніп қолға алынған полицияның сервистік моделі ең алдымен ішкі істер органдары қызметінің қолжетімді әрі ашық болуын қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, тәртіп сақшыларының жұмыстағы жауапкершілігін арттырады. Мысалы, мектеп оқушысы заң бұзды делік. Онымен тек полицей ғана емес, білім, денсаулық сақтау сынды сала мамандары да бірлесе жұмыс атқаратын болады. Нәтижесінде қылмыс саны азайып, заңбұзушылық деңгейі төмендейді.

Жиын соңында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты сауалдар қойылып, соған сай жауап берілді. Әрмен қарай ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев «Сервистік моделді» енгізу жөніндегі эксперттік топқа арнайы ашылған кабинетпен танысты. Сонымен қатар, атқарылып жатқан жұмыстарға сәттілік тілеп, аталмыш бағыттағы шаралардың жандануына сенім білдірді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы