АРЗАН БАҒАДА КӨЛІК САТАМЫН ДЕП ЕЛ-ЖҰРТТЫ АЛДАҒАН АЛАЯҚ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Уақыты: 06.12.2021
Оқылды: 1340
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Іле аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғынның танысына қатысты шара қолдану туралы арызы түсті. Полиция қызметкерлері аталған арызды бірден қабылдап, тіркеді. Аталған оқиға кезекті алаяқтық дерегі болып шыққан.

- Ілелік полиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында қымбат автокөлікті төмен бағамен сататынын айтып адамдарды алдаған Алматы облысының тумасын анықтап, ұстады. Ол зардап шеккен азаматтардан ақшаны ала салысымен не тауарды, не ақшаны бермей ізім-қайым жоғалған, - деп хабарлады Іле аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Айдар Абдрахманұлы.

Полиция қызметкері алаяқтықтың ең танымал түрлеріне интернет-саудаға байланысты схемалардың да кіретінін атап өтті. Әдетте, желіні пайдаланушылар әртүрлі шағын сайттарда және әлеуметтік желілерде сатып алу операцияларын жасайды. Осы орайда алаяқтарға кез болған азаматтар төлем жасағаннан кейін тауарды да , өзінің ақшасын да қайтара алмай дал болады. Полиция майоры барлық азаматтарды қырағылық танытуға шақырды.

- Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. Сонымен қатар, аталған азаматтың бұрын да алаяқтық дерегі бойынша жауапкершілікке тартылғанын, сондай-ақ, бүгінде оған қатысты 4 деректің дәлелденгенін және сотқа жіберілгенін атап өткен жөн, - деп толықтырды майор Айдар Абдрахманұлы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"