АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ШЫРШАЛАРДЫ ҚОРҒАУ ҮШІН 35 МОБИЛЬДІ ТОП ҚҰРЫЛДЫ

Уақыты: 07.12.2021
Оқылды: 1120
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жыл сайын жаңа жылдық мереке жақындаған сайын оның дәстүрлі символы – шыршаға тұрғындардың сұранысы арта түседі.

Қылқанжапырақты ағаштардың аса құнды екендігі дау тудырмайды. Қылқанжапырақты ормандар беткейлерді бекітіп, жел мен су эрозиясынан қорғайды, ылғалды сақтайды және жинайды, ал қылқан жапырақты ағаштардың тұқымдары мен жасыл бұтақтарында көптеген дәрілік заттар бар. Қылқан жапырақты ағаштардың әлсіз жері – олардың баяу өсетіні.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мемлекеттік орман қоры аумағында заңсыз ағаш кесудің алдын алу және болдырмау мақсатында 2021 жылдың жаңа жыл алдындағы кезеңінде қылқанжапырақты жас талдарды қорғауды күшейту туралы № 27-5/254 бұйрығын шығарды. Осыған байланысты басқарма тарапынан да 2021 жылдың 25 қараша күні № 54-ММ бұйрығы шығарылып, қылқан жапырақты ағаштар өсетін таулы аймақта орналасқан орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелеріне қорғауды күшейту жөнінде шаралар қабылдауға жолданды.

Қылқанжапырақты ағаштарды заңсыз кесуден қорғау мақсатында 1 желтоқсаннан бастап орман шаруашылығы мемекелерінің тарапынан орман алқаптарына апаратын негізгі жолдарда 38 бақылау-өткізу пункті мен 35 мобильді топ құрылды.

Қазіргі уақытта жаңа жылдық шыршаларды дайындау орманды күтіп-баптау мақсатында кесілген ағаштар есебінен, сондай-ақ, арнайы жаңа жылдық плантацияларда ғана жүргізіледі. Жаңа жылдық шыршаларды кесу жұмысы мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу үшін ұйымдар мен мекемелерге облыс әкімдіктерінің өтінімі негізінде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің рұқсаты бойынша ғана жүзеге асырылады. Ал тұрғындарға тек құрама шыршалар мен контейнерлердегі тірі шыршаларды ғана сатуға рұқсат етіледі.

Қылқанжапырақты ағаштардың жас талдарын заңсыз кескендер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 381-1-бабына және ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, заң бұзған тұлғаға 600 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.

Қылқанжапырақты ағаштарды заңсыз кесіп, тасымалдаған жағдайларға куә болсаңыз, 8 777 433 35 88 (ұялы), 8 /7282/ 32 96 78 (жұмыс), 102 және 115 телефон нөмірлеріне хабарлауыңызды сұраймыз.

Орманға жанашырлық танытып, бірге қорғайық!

Алматы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы