Талап күшейе түседі

Уақыты: 12.09.2017
Оқылды: 1387
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Облыстық әкімдікте жаңарған Әдеп жөніндегі уәкіл институты өкілдерінің қатысуымен семинар-кеңес өтті. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті өткізген басқосуға өңір бойынша Әдеп жөніндегі 40 уәкіл қатысты.

Жиынды Алматы облысының Әдеп жөніндегі уәкілі Талғат Өмірәлиев ашып, жүргізді. Алдымен ол Әдеп жөніндегі уәкіл институтының құрылу барысына тоқталып, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс тәртібімен таныстырды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана әкімдерінің аппараттарында Әдеп жөніндегі уәкілдің дербес лауазымы енгізілді. Бүгінгі таңда өңірімізде 7750 мемлекеттік қызметші бар. Ең алдымен мемлекеттік қызметшілер тәртіпті, әдепті болуы керек, өз жұмысын білуі тиіс. Біз сол үшін қызмет атқарамыз, – деген Талғат Әбенұлы заң бұзып, жауапқа тартылып жатқандарды мысалға келтірді. 
Әдеп жөніндегі уәкілдер жайы 5 институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 12-қадамында қарастырылған. Онда: «Жаңа этикалық ережелерді енгізу. Мемлекеттік қызметтің жаңа Этикалық кодексін жасау. Этика мәселелері жөніндегі уәкілетті өкіл лауазымын енгізу» қажеттігі айтылады. Соған орай облысымыздың аудан, қала әкімдерінің аппараттарында, департаменттерде, сондай-ақ, тексеру комиссиясында Әдеп жөніндегі уәкілдің функциясы басшы лауазымын атқаратын, сонымен қатар ұжымда қадірлі, құрметке ие мемлекеттік қызметшілерге жүктеу арқылы енгізілді. Семинарда уәкілдер өздеріне жүктелген функцияларды жүзеге асыру, Әдеп жөніндегі уәкіл қызметін жетілдіру, мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, мемлекеттік қызметшілерге деген халық сенімін нығайту мәселелері жайында жан-жақты әңгіме қозғады.
Ендігі кезекте тәртіп бұзғандар ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі арқылы жауапқа тартылатын болады. Сондықтан олар өздеріне жүктелген міндетті қалтқысыз орындаулары тиіс.

Мәулен ӘНЕРБАЙ.