БЕЙБІТ ШЕРУГЕ ШЫҚҚАН ХАЛЫҚ ҚУДАЛАНБАУЫ КЕРЕК - МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ

Уақыты: 12.01.2022
Оқылды: 2355
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қаралы қаңтар. Аза тұту. Қашанда әлсіздің жұбанышы - бір Жаратқан, астамсыған наданның зауалы - соның қаһары. Бейбіт шеруді пайдаланып, халықты адастырып, Отанын ойран қылған, ұл-қызына қиянат жасаған қаскөйлердің қанды ісі қара дақ болып қалды жүрегімізде.

Қиянатқа барады деген ой қаперінде жоқ қақтығыста ұрымтал тұстан оқ атқан, ғимаратқа өрт қойған, Қарулы Күшке қарсы тұрған лаңкестерге еріп, қаншама өрімдей жас бауырларымыз қаза тапты?! Ауыр… Ата-анасына, отбасына, бауырларына ауыр…

Бұл  - сарбаздарымыздың Отанды, елді қорғау жолындағы жан пида ерліктері! Осынау азалы күнде бүкіл қазаққа қайғырып көңіл айтам. Елімізде ауыр күндер өтіп жатыр. Бауырын, баласын жоғалтып, іздеп жүргендер көп. Аурухана, мәйітханаларды аралап жүр.

Бейбіт шеруге шыққан, бірақ террористерге қатысы жоқ халық қудаланбауы керек.

Елімізге сабырлық тілеймін. Ең бастысы, үмітіміз үзілмесін, сағымыз сынбасын! Сындарлы уақытта Президентімізге қолдау білдіріп, мемлекетті сақтау жолында бірігуіміз керек! Ел іргесі сөгілмесін!

Мақпал МЫСА (ТӘЖМАҒАМБЕТОВА),

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты