Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

САРЫӨЗЕКТЕ БЛОКБЕКЕТТЕР АЛЫНЫП, ГАРНИЗОН ҚАЛЫПТЫ ЖҰМЫСҚА КӨШТІ

Уақыты: 24.01.2022
Оқылды: 772
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Елімізде Төтенше жағдай режимі жарияланғаннан бері Сарыөзек гарнизоны шабуылдаушы бөлімдерінің әскери қызметшілері алғашқы күннен бастап ішкі істер органдарының қызметкерлерімен блокбекеттерде бақылау-өткізу режимін қамтамасыз ету міндеттерін атқарды.

Гарнизонның шабуылдаушы бригадалары құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, Сарыөзек маңындағы кіреберістерде үш бақылау-өткізу бекетінде қызметке жұмылдырылды. Онда әскери қызметшілер полиция қызметкерлерімен бірге төтенше жағдай режимінің іс-шараларын қамтамасыз ете отырып тәулік бойы қызметтерін атқарды.

Төтенше жағдай режимі аяқталып, бірлігі мен тыныштығын сақтап қалған ауданда комендаттық сағат тәртібі тоқтатылғандықтан гарнизон аумағында орнатылған блокбекеттері алынып, Қарулы Күштердің бөлімшелері тұрақты орналасқан пункттеріне оралды. Одан басқа, Сарыөзек ауылының мемлекеттік және жеке меншік ұйымдарының басшылығы және аудан тұрғындары әскери қызметшілердің жұмысына қолдау көрсетіп, түсіністікпен қарап, төтенше жағдай кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмек көрсеткендері үшін ризашылығын білдірді.

– Біз жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде, блокбекеттерде радикалды және құқықбұзушылардың ауданға енуіне жол бермеу бойынша біршама жұмыстар атқардық. Осы уақыт аралығында, полиция қызметкерлерімен бірге, кірген-шыққан автокөліктер мен жаяу жүргіншілерді жіті бақылап, тексеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз еттік, – деді шабуылдау бригадасының арнайы мақсаттағы барлау ротасының командирі, майор Рустамбек Қасымбеков. Сондай-ақ, төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету шараларын қамтамасыз ету бойынша Алматыға жөнелтілген Сарыөзек гарнизонындағы десанттық-шабуылдау әскерлері қаланың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету нысандарын күзету бойынша қызметтерін жалғастыруда.

Айта кеткен жөн, еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталған соң, Қарулы Күштердің әскери қызметшілері жауынгерлік жоспарға сәйкес, бөлімнің жауынгерлік даярлығына кірісіп, оны одан әрі арттыратын болады.

Абзал САРТАЕВ,

Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, майор

Алматы облысы