Жаза тағайындаудың жалпы негіздері

Уақыты: 18.09.2017
Оқылды: 2369
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілгендей, барлық адам заң мен сот алдында тең, ешкім де сот үкімінсіз қылмыс жасауда кінәлі деп танылуға жатпайды және қылмыстық жазаға тартылмайды. 

Соттар Ата Заңның осы қағидаларын басшылыққа алып, сотталушының қоғамдағы орнына немесе лауазымына қарамастан әрбір қылмыстық істі заңға сәйкес қарай отырып, қылмыстың түрі мен ауырлығына қарай әділ жаза тағайындауға міндетті. 
Бұл ретте заңдылық пен құқық тәртібіне байланысты практикалық міндеттерді шешуде мемлекетіміздің құқықтық жүйесінің бір тармағы болып табылатын қылмыстық заңның рөлі едәуір. Ол заң бұзушылықтың қылмыс сияқты аса қауіпті түрімен күресуге бағытталған. Бұл күресте қылмыс жасаған адамға жасаған қылмысына сәйкес жаза тағайындалады. 
Жаза дегеніміз – соттың үкімі бойынша дайындалған мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыс жасады деп танылған адамға қолданылады және Қылмыстық кодексте көзделгендей, адамды құқықтары мен бостандықтарынан айырады немесе оларды шектейді. Қылмыс жасаған адамға жазаны мемлекет атынан сот қана үкім негізінде қолдана алады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 52-бабының талаптарына сәйкес қылмыс жасаған адамға оның түзелуi және жаңа қылмыстардың алдын алу үшiн қажеттi және жеткiлiктi жаза тағайындалуға тиiс. Егер жасалған қылмыс үшiн көзделген жазаның онша қатаң емес түрi жазаның мақсатына жетуін қамтамасыз ете алмайтын болса ғана ол үшiн көзделгендерi арасынан неғұрлым қатаң жаза тағайындалады. 
Сот билігіне қатысты заңгерлер арасында сот шешімі заңды болуы керек пе, әлде әділетті болуы керек пе деген астарлы үлкен ұғым бар. Қолданыстағы Қылмыстық кодексте сот үкімінің заңды да әділетті болуына қажетті объективті жағдайлардың бәрі қарастырылған. Мысалы, жаза тағайындау кезiнде қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауiптiлiк дәрежесi, айыпкердiң жеке басы, сонымен бiрге оның қылмыс жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуiне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тiршiлiк жағдайына ықпалы ескерiледi. Тіпті қылмыстық теріс қылықты немесе қылмысты алғаш рет жасаған адамның кінәсін мойындап келуі, қылмыстық құқық бұзушылықты ашу үшін өкілетті органдарға жәрдемдесуі, келтірілген зиянды өтеуі қылмыстық жауапкершіліктен босатуға негіз болуы мүмкін.

Ж. Бейімбетова,
Жамбыл аудандық сотының судьясы.