БЫЛТЫР АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖЕМҚОРЛЫҚ БОЙЫНША 102 АДАМ СОТТАЛҒАН

Уақыты: 04.02.2022
Оқылды: 1013
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті өткен жылдың қорытындысын шығарды. Департаменттің мәлімдеуінше, өткен жылы 166 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 102-сі сотталған. Бұл мәліметті департамент басшысының орынбасары Facebook желісінде өткен «Antikor LIVE» жобасының тікелей эфирінде айтты.

Ведомство басшысының орынбасары 2021 жылды қорытындылай отырып, превенция және жедел-тергеу бағыты бойынша жұмыс нәтижелерін жеткізді.

«Департамент 2021 жылдың 12 айында 101 қылмыстық құқықбұзушылықты тіркеді, оның ішінде, 75 қылмыс сыбайлас жемқорлық болып табылады. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін 166 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде, 23 адам әртүрлі дәрежедегі бірінші басшылар. 102 адам сотталды, оның ішінде, 87 адамға 250,4 млн.астам сомаға айыппұл салынды. Бас бостандығынан 8 адам айырылды. Тағы 8 адамның мүлкі тәркіленіп және мемлекеттік қызметте жұмыс атқару құқығынан өмір бойына айырылды», - деді Жандос Жұмабаев.

Департамент ақпаратына сәйкес, мемлекеттік сатып алу мониторингін жүргізу барысында облыс бюджетін тиімсіз қолданбақ болған мекемелерді анықтап, 11 млрд.теңгеге жуық қаражатты үнемдеп қалған. Облыста 425 мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс лауазымдары енгізілген.

«Биыл департамент мамандары жемқорлық тәуекелдері бар мемлекеттік мекемелерге 8 ішкі талдау шарасын жүргізді. Нәтижесінде, 143 дерек тіркеліп, жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 100 пайыз, яғни, 143 ұсыным орындалды», - деді ведомство басшысының орынбасары.

Айта кету керек, өткен жылғы аяқталған қылмыстық істер бойынша жалпы залал 3,9 млрд.теңгені құрады, оның 3,8 млрд.теңгесі өтелді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"