САРЫӨЗЕКТЕ ЖИҺАЗ САТАМЫН ДЕП ЕЛ-ЖҰРТТЫ АЛДАҒАН АЛАЯҚ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 05.02.2022
Оқылды: 1276
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Кербұлақ ауданының тұрғыны «OLX» интернет ресурсында алаяқтықтың құрбаны болғаны туралы полицияға арызданды.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. Қылмысты ашуға бағытталған кең ауқымды шаралар барысында күдікті азамат ұсталды.

- Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 1995 жылы туған ер адам ұсталды. Бұлтартпас айғақтардан кейін күдікті қылмысын мойындап, жымысқы әрекетінің мән-жайын айтып берді. Қазіргі уақытта оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде. Зардап шегушінің материалдық шығынын толық өтеп берген күдікті тергеу аяқталғанша мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды, - деп хабарлады Кербұлақ ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.

Тергеу барысында күдікті оңай ақша табу мақсатында сауда жасау порталына жиһаз сататыны туралы жалған ақпарат беріп, төмен баға ұсынған. Зардап шегуші алаяқтың арбауына түсіп, өзі көрмеген мүлікті сатып алып, күдіктіге 150 мың теңге көлемінде қаржыны аударған. Қажетті соманы алған күдікті хабарландыруды жойып, телефон нөмірін лақтырып жіберген.

Алаяққа алданып, сан соққан тұрғын Кербұлақ ауданы полициясына хабарласқан. Жедел шара қолданған тәртіп сақшылары күдіктіні анықтап, қылмысты ашты.

- Құрметті тұрғындар, осындай келеңсіздікке ұрынбас үшін интернет сауда алаңында өте мұқият болу қажеттілігін ескертемін! Интернет арқылы сауда жасауда оның шынайылығына көз жеткізу қажет, күмән тудырған жағдайда, төлем немесе алдын ала төлем жасамау керек. Егер алданғаныңызды сезсеңіз, бірден полицияға хабар беріңіздер. Көп уақыт өткен соң, қылмысты ашу қиынға соғады, - деді полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"