ІЛЕ АУДАНЫНДА ШЕТЕЛДІК ЖҮРГІЗУШІ ҮШ АДАМДЫ ҚАҒЫП, ТҮРКІСТАНҒА ҚАШҚАН

Уақыты: 14.02.2022
Оқылды: 1115
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Іле ауданында шетелдік жүргізуші үш жаяу жүргіншіні қағып кетті.

Алматы облысының полиция департаменті оқиға түнгі сағат 23:00 шамасында болғанын мәлімдеді. Белгісіз жүргізуші Жәпек батыр - Комсомол автожолының бойымен солтүстік бағытта үш жаяу жүргіншіні қағып кетіп, апат орнынан ізін суытқан. 18, 17 және 16 жастағы үш адам әртүрлі жарақат алды. Соқтығысу салдарынан жаяу жүргіншілердің бірі қайтыс болды, екеуі түрлі дәрежедегі дене жарақатымен Іле ауданының орталық ауруханасына жеткізілді.

– Жедел іздестіру шаралары барысында жүргізуші анықталып, ұсталды. Ол көрші мемлекеттің азаматы, Іле ауданының 34 жастағы тұрғыны болып шықты. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлігі бойынша жергілікті полицияда тіркелді. Күдікті ҚР ҚІЖК 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп түсіндірді Іле аудандық полиция бөлімінің бастығы Бауыржан Қабдолданов.

Тексеру барысында Өзбекстан азаматы өзі үшін көлік құралын сатып алғаны белгілі болды. Бірақ күдіктінің көлік жүргізу құқығына құжаттары жоқ болып шықты. Жол-көлік оқиғасынан кейін күдікті жасырыну мақсатымен Түркістан облысына шығып кеткен. Бірақ тәжірибелі жедел уәкілдер оның тұрған жерін анықтап, Алматы облысы Іле ауданының полициясына жеткізді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"