ҚАТАҢ ЖАЗА БЕРІЛДІ

Уақыты: 19.09.2017
Оқылды: 1154
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорғанда 4 маусымда «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында 25 жастағы Қуаныш Төлегеновты пышақтап өлтірген Диас Кәріпжановқа қатысты сот үкімі шықты. Сот процесі 22 тамызда басталған болатын. 
     Бейнебақылауға түсіп қалған кадрлар 4 маусымнан бастап интернет желісін кезіп кетті. Оқиға орнында пышақталған Төлегенов Жаркенттегі орталық ауруханаға жеткенше такси ішінде көз жұмды.  Кінәлі Диас Кәріпжанов та төбелес барысында жарақат алып, ауруханадан ем алып шықты.
     Айыпталушы 22 жастағы Диас Кәріпжанов тағылған айыптармен келіспейтіндігін, қасақана өлтірмегендігін және жасаған ісі үшін өкінетінін жеткізді. 
Сот оны ҚР ҚК 99-бабының 1-бөліміндегі «Қасақана адам өлтіру» фактісі бойынша айыптап, тоғыз жылға бас бостандығынан айырып, зардап шегушінің жақындарына 2 591 200 теңге материалдық  және 2 000 000 теңге моральдық шығындарды өтеуді міндеттеді. Қуаныш Төлегеновтың туысқандары бұл жазаны «тым жұмсақ шешім» деп келіспей отыр. Ал айыпталушының анасы Раушан Кәріпжанова болса ұлының қорғану үшін пышақ қолданғанын алға тартып, соттың шешімімен келіспей істің мән-жайын әлі де анықтау керектігін алға тартып отыр. 


Өз тілшіміз.