ҚАПШАҒАЙДА ҚАРУ-ЖАРАҚ ДҮКЕНІНЕ ШАБУЫЛ ЖАСАҒАН ЕКІ АДАМ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 19.02.2022
Оқылды: 1321
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қапшағай қаласында қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде Алматыда қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағандардың сыбайластары ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Көліктегі полиция депараментінің бастығы Оңал Бекеев мәлім етті.

Оның айтуынша, көлік полицейлері Қапшағайдағы жалдамалы пәтерлердің бірінде Алматы облысының екі тұрғынын анықтап, қолға түсірген. Бұл екі тұрғын Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, 18 атыс қаруын ұрлады деген күдікке ілінді. Қазіргі уақытта ұрланған қарулар тәркіленді. «Бұған дейін көлік полицейлері олардың 32 жастағы серіктесін ұстаған болатын. Аталған азаматтарға қатысты тергеу соты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», - деді О.Бекеев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"