Сот жүйесін жетілдіру мақсатында елімізде жаңа Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстері қабылданып, ұлттық құқық жүйесі халықаралық стандарттарға біршама сәйкестендірілді. Соған байланысты сот төрелігі үш буынды жүйеге көшіп, сот сатылары оңтайландырылды. Жаңа жүйенің тиімділігі жайлы арнайы брифинг өткізген облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Советхан Сәкенов пен облыстық соттың судьялары Есмахан Мырзабеков, Ербол Құтпанбаев сот жүйесіндегі жаңалықтар мен өзгерістерді көпшілікке түсіндіріп берді.
Сот жүйесін жетілдірудің арқасында бұған дейін күрделі болып келген салалардың жұмысы жеңілдеп, қарапайым халықтың жай-күйі ойластырылған. Атап айтсақ, күдіктіні қамауға алу мерзімі енді бұрынғыдай 72 сағат емес, 48 сағатқа қысқарып отыр. Сонымен қатар, жаңартылған жүйе сотқа дейінгі тергеу органының жауапкершілігін бекітіп, Ұлыбритания мен АҚШ елдеріндегідей қазақстандық адвокаттардың құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Ал, еліміздегі прокурордың санкциясымен жүзеге асырылатын жасырын тергеу әрекеттері халықаралық сарапшылардың сынына ұшыраған болатын. Осыған орай бұл заң нормаларын әлемдік стандарттарға сәйкестендіру туралы ұсыныстар жасалды. Осындай игілікті істердің бәрі әділетті сот тәжірибесін қамтамасыз етуге арналып отыр.
– Еліміздің сот жүйесі Халықаралық стандарттардың қатарына қосылуы үшін Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмидің бастамасымен ата-бабаларымыз ұстанған Тәуке ханның «Жеті жарғысы», Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы сынды әділдікті көздейтін ережелер негізге алынып отыр, – деген облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Советхан Сәкенұлы Ұлы Дала демократиясының маңыздылығын түсіндіріп өтті. – Ертеректе осынау Ұлы Далада түрме мен абақтының болмауының басты себебі, кез келген қылмысқа салынатын айыппұл болатын. Ондай жаза көлемінің қомақты болуы қылмыстыға қиынға түседі. Себебі, өзінде мал болмаса оның айыбын ауылдастары, руластары бірлесіп жинап беретін. «Өлімнен ұят күшті» деген сөздің мағынасына қарасақ, осыны ұғынуға болады. Мысалы, кісі өлтіргені үшін ердің құны – 100 жылқы айыптының ауылдастарынан алынады. Оны өмір бойы өтегеннен гөрі адам қылмысқа аяқ баспауды алдыңға орынға қояды. Дәл сол секілді ұрлықтың жазасы да айыппұлға негізделген. Қазір елімізде айыппұл мөлшері бірнеше есеге өсіп, жазалыны қия бастырмайтын болды. Мысалы, ұрлық, парақорлық, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жазалыға 50-60 еселенген айыппұл салынады. Яғни, 1 миллион теңге пара алған лауазымды адам мемлекетке 80 миллион теңге айыппұл төлеуі тиіс. Бұл сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысты. Ал, өзге қылмыстар бойынша айыппұлдар мөлшері айлық есептік көрсеткішпен төленеді. Қазір осы айыппұл өндіру ісі кенжелеп тұр. Өйткені, сотталған адамдардың басым бөлігі материалдық жағдайының төмендігіне орай түрмеге түседі. Бұл мемлекет үшін қосалқы шығын екендігі жасырын емес.
Брифингке қатысушылар облыстық соттың судьяларына сұрақтар қойып, лайықты жауаптар алды.
Мәди Әсетұлы.