ҚАЗАҚСТАН ДОНЕЦК ПЕН ЛУГАНСКІГЕ ӘСКЕР ЖІБЕРЕ МЕ? МИНИСТР ЖАУАБЫ

Уақыты: 23.02.2022
Оқылды: 1223
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІ Ресейдің Донецк пен Луганскідегі ахуалды тұрақтандыру шешіміне пікірін айтты.

«Ресей Донецк және Луганск Халық Республикаларын тұрақтандыру жөнінде шешім қабылдады. Сондықтан қазіргі жағдай өте күрделі, шиеленісіп бара жатыр. Ал Қазақстанның ресми ұстанымы талқылану үстінде», – деді Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанның күн тәртібінде аталған екі республиканы мойындау мәселесі тұрған жоқ. «Біз халықаралық құқықты және БҰҰ ұстанымын ұстанамыз», – деді М.Тілеуберді. Сондай-ақ, ол БАҚ өкілдерінің: «Ресей өтініш білдірсе, Қазақстан Донецк пен Луганскіге өз әскерін жібере ме?» - деген сауалына да жауап берді.

«Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы бар. Оған Қазақстан мүше. Бірақ бұл ұйымның ол жаққа әскер жіберуге құқығы жоқ», – деді Мұхтар Тілеуберді. Айта кетейік, бұған дейін Ресей Президенті Владимир Путин Донецк пен Луганск Халық Республикаларының тәуелсіздігін тану туралы Жарлық шығарған еді.

"ҚАЗАҚПАРАТ"