"АЛТЫН ОРДА" БАЗАРЫНДАҒЫ БЫЛЫҚ ҚАШАН РЕТТЕЛЕДІ? САЛЫҚ ТӨЛЕМЕГЕН КІМДЕР?

Уақыты: 24.02.2022
Оқылды: 1421
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Сауда-саттықтағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салатын кез келді. Мысалы, 3 миллион адам тұратын Алматы қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекен тұрғындары тұтыну тауарларын көбіне «Алтын Орда» базарынан алады. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдеріне Үкіметпен бірлесіп, базарды тексеруді және тәртіп орнатуды тапсырамын. Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз майшелпекке айналған. Бұған Алматыдағы Қаңтар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік. Бұл – басқа өңірлерге де қатысты мәселе. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органдары атсалыссын. Екі ай уақыт беремін!» – деген болатын.

"Алматы–Бішкек" күре жолының Қарасай ауданына қарасты 15-ші шақырымында орналасқан «Алтын Орда» базары ең алдымен жарты әлемге әмірін жүргізген ұлы Шыңғыс қаған құрған мемлекеттің атауы болғандықтан бірден жадыңызда жаңғырып сала береді.

Айтса айтқандай, бұл Орта Азиядағы ең ірі базарлардың қатарына кіретін көрінеді. Ресми деректерге жүгінсек, оның аумағы 218 мың шаршы метр жерді алып жатыр. Мұнда 4540 адам сауда орындарын жалға алып, еңбек етеді. Оның сыртында 4 мыңнан аса адам базардан күнделікті нәпақасын табады. Елімізге алыс-жақын шетелдерден келген көкөніс және жеміс-жидек өнімдері ең алдымен осы жерге тоқтап, содан кейін ғана өзге өңірлерге жөнелтіледі. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытайдан ағылып келіп жатқан алып жүк машиналары әкелген тауарларын әп-сәтте түсіріп, қайта аттанып жатады. Жаңа айтқандай, еліміздің басқа өңірлері де ауылшаруашылығы өнімдерін негізінен осы жерден алады. Көтерме сауда орталығына күніне орта есеппен 500-ге жуық жүк көлігі кіріп, 8–15 мыңнан астам адамның сауда жасайтыны базардың қаншалықты маңызды екенін аңғартса керек.

Осы жерде тағы бір маңызды мәселені айта кеткен орынды. Аталмыш базар толыққанды жұмыс жасай бастаған кезде Алматыға кіріп-шығатын жалғыз ғана күре жолда көлік кептелісі басталып, әсіресе таңғы және кешкі уақытта жолаушылар бірнеше сағаттап тұратын болған. Базар аумағын бір сүйем жылжыта алмағандықтан сіз бен біздің салық төлемімізден 12 миллиард теңге қаржы бөлініп, үлкен жол құрылысы басталған болатын. Ұзаққа созылып, бүгінге дейін толық аяқталмаған бұл жобаның тарихы өз алдына бөлек әңгіме.

Ғаламтордағы деректерге сүйенсек, ғасыр басында сауда орнын алғаш құрған Алтынбек Әлпиев деген азамат 2007 жылы белгісіз жағдайда мерт болған екен. Одан кейін нысанға ұлы Данияр Әлпиев жетекшілік жасаған деп айтылады. Данияр мен Болат Назарбаевтың құрылтайшылығымен «Аружан МД» ЖШС құрылып, жұмыс жасап келеді.

Алайда 2012 жылы ресми түрде тіркеліп, 10 жылға жуық жұмыс істеген «Рынок Алтын Орда» ЖШС мемлекетке мүлдем салық төлемеген. Осыған орай Қарасай ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының талап-арызы бойынша арнайы ауданаралық экономикалық соттың шешімімен жауапкершілігі шектеулі серіктестік биыл қаңтар айында мәжбүрлі түрде таратылған. Осы жайды анықтау мақсатында біз аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы бастығының орынбасары Анарбек Сейітовке жолығып, мәселенің мәнісін айқындап беруін сұраған едік.

– Салық кодексінің 93-бабына сәйкес салық есебін ұсынбайтын, салық төлемдерін, импорт-экспорт операцияларын жүзеге асырмайтын Қарасай ауданындағы 38 компания, соның ішінде, «Алтын Орда базары» ЖШС соттың шешімімен мәжбүрлі түрде таратылғаны рас. Алайда мұның базардың иесі саналатын «KURYLYS LTD» және «Altyn Orda Qaz Trade LTD» серіктестіктеріне ешқандай қатысы жоқ. Базар бүгінде күнделікті кесте бойынша жұмысын жалғастыруда, – деді ол бізге берген жауабында.

Біздің білуімізше, жоғарыда аталған «KURYLYS LTD» компаниясы Болат Назарбаевқа тиесілі. Ал, «Altyn Orda Qaz Trade LTD» жалға алушы ретінде тіркелген. Қай жерде кімнің құзыреттілігі басталатынын анықтау мүмкін емес. Дегенмен, бұл базарға ара-тұра барып жүрген кезімізде барлық басшылықты үстілеріне «БН» деген жазуы бар күртеше киген шымыр жігіттердің атқарып жүргенін көргенімізді несіне жасырайық?!

«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Мемлекет басшысының өзі: «Алтын Ордадағы» былықтарды тоқтататын кез жетті!» – десе, бұл жерде шын мәнінде заңбұзушылықтың болғаны ғой. Біз Анарбек Асыбайұлынан Президент пәрменінен кейінгі атқарылып жатқан жұмыстар жайын сұраған едік.

– Бүгінгі күні базардың салық мәселесіне қатысты іс-әрекеттерін мұқият тексеріп жатырмыз. Әрине, шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге қойылған шектеулерге және кейінгі үш жылда орын алған пандемияға байланысты бақылау азайтылғаны белгілі. Дегенмен, біздің есебіміз бойынша базардың сауда айналымы үш жылдағы жиынтық табыс есебі 4,6 млрд.теңге мөлшерінде шығып отыр. Осы сомаға біз базар иелеріне хабарлама жібердік. Демек, жақын уақытта базар мемлекетке бір миллиард теңгеге жуық салық түсіреді деп күтілуде, – деген жауап берді ол.

Иә, салық комитетінің өзіне тән жұмысы мен жауапкершілігі бар. Олардың жеке саудагерлердің жұмысына араласа алмайтыны белгілі. Ендеше Президенттің: «Сауда-саттықтағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салатын кез келді!» - деген тапсырмасын орындаудың жолдары қандай?» - деген сауалдың жауабы ауада ілініп қалғандай әсер қалдырады.

Шетелдерден ағылып келіп жатқан көкөніс пен киім-кешекті айтпағанда, елімізде өндірілетін өнімнің құны неліктен мұнда келгенде шарықтап шыға келеді?

Осы жайды білмек болып базарға барған едік. Күткендегідей, ол жердегілер әлдеқандай мәлімет беруге құлықсыз екенін танытты. Тек ауылдан ет әкеліп өткізіп қайтқан бір азаматпен тілдесудің сәті түсті.

Аты-жөнін атамауды сұраған ол: «Қолымыздан өсіріп, бордақылап әкелген малымызды өзіміз қалаған бағаға өткізе алмаймыз. Кіреберісте тұрған делдалдар өз бағасын қойып, тұрып алады. Оларды айналып өтіп, саудагерлерге бірден шығу мүмкін емес. Бізден алған етті делдалдар үстеме бағасын қойып, сауда нүктелеріндегілерге береді. Өз кезегінде сатушылар үстеме бағасын қояды. Осылайша тауардың құнына бірнеше мәрте қосымша қаржы қосылып, тұтынушыға жоғары бағамен жетеді. Бұл жерде ешқандай еңбек жасамай-ақ бос жүріп табыс табатын делдалдардың қызметін тоқтату қажет деп есептеймін!» – дейді.

«Бұл схеманы базардағы кез келген сауда саласына қолдануға болады», – дейді білетіндер.

«Күштінің арты тиірмен тартады» дегенді айтқан қазақ «Көп асқанға – бір тосқан» деуді де ұмытпаған. Ендеше әңгімемізге өзек болған атышулы сауда орнында тәртіп орнатылып, арамтамақ  делдалдардың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойылатын күн келерінен үміттіміз.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды