ЖАУЫНГЕРЛЕРДІ ЖАТ ДІНИ АҒЫМНАН ҚАЛАЙ САҚТАЙМЫЗ? ӘСКЕРИ ПРОКУРАТУРА

Уақыты: 28.02.2022
Оқылды: 1301
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған гарнизонының әскери прокуратурасы Президент Жарлықтары мен тапсырмаларын, қылмыспен, терроризммен күрес бағдарламасын, Бас прокуратураның алқа шешімдері мен салалық бұйрықтарын басты назарда ұстайды. Сонымен бірге, террористік және экстремистік тұрғыдан осал әскери объектілердің қауіпсіздігін тиісті деңгейде сақтау жұмысы да әскери прокуратураның тұрақты бақылауында.

Экстремизм мен терроризм – кез келген, тіпті, ең тұрақты және гүлденген қоғамға нұқсан келтіретін үлкен қауіп. Қоғамдық ортадағы террористік және экстремистік көріністерге қарсы күрестің негізгі бағыттарының бірі оларды алдын алу болып табылады. Жалпы, әскери бөлімдер мен мекемелерде қандай да бір заңбұзушылықтар мен қылмыстарға жол бермеу мақсатында әскери прокуратурамен құқықтық түсіндіру шаралары жүргізіледі.

Бүгінгі таңда дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасында халықаралық терроризмнің идеологиясы теріс әсер етуде. Әсіресе, зорлық-зомбылық экстремизмі белең ала бастады. Діни ұрандарды жамылғандар мәдени, діни салаларға елеулі зиян келтіруде. Рухани мұра мен ата дін беделін нұқсан етуде. Мұндай ағым конфессияаралық қатынастарға, қоғамдық келісімге қауіп төндіреді. Сондықтан, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жас балаларымыздың деструктивті діни ағымдар қатарына тартылу қаупі, өкінішке қарай, әлі күнге дейін ашық күйінде қалып отыр.

Осыған байланысты діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мемлекеттік саясаттың басты бағыты болуы тиіс. Әскери бөлімдерде әскери қызметшілермен ай сайын «Прокурор сағаты» сабақтары өткізіліп, бұл тұрғыда дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын жеткізуде жұмыстар атқарылады. Бұл ретте әскери прокурор өскелең ұрпаққа, әсіресе, әскерге шақырылғандарға ерекше көңіл бөлу қажет деп есептейді.

Әскерилерді жат ағымнан сақтандыру, террорлық қауіптің алдын алу іс-шаралары өте қажет. Өйткені, қазір тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде деструктивті діни ағым өте көп. Олардың ықпалында кетпес үшін адам біліммен қарулануы тиіс. Сондықтан, әскери прокуратура, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті және ҚР ҰҚК Әскери қарсы барлау бөлімі, әскери полиция өкілдерімен, сондай-ақ дінтанушылармен және ғылым саласындағы танымал сарапшылармен бірлесіп, жеке құрамы арасында профилактикалық сабақтар, семинарлар, «дөңгелек үстелдер», ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын көбірек өткізуге тырысамыз.

Аудиторияда әскери құқық қорғау органдарының қызметкерлері еліміздегі діни ахуал туралы толық мағлұмат беріп, діни экстремизм жайында деректі фильмдер көрсетіп, дәстүрлі емес діни конфессия қызметінің ерекшеліктерін түсіндіріп, барлық қызықтыратын сұрақтарға жауап береді.

Жастар экстремистік сипаттағы дәстүрлі емес діни ағымдарға жиі тартылады. Сондықтан, әрбір сарбаз сақ болуы керек.

Бауыржан ӘПЕКОВ,

Талдықорған гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры, әділет капитаны

Алматы облысы