ПРЕЗИДЕНТ ӘДІЛ ӘРІ ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУ ҮШІН ЖАҢА БАСТАМА КӨТЕРДІ

Уақыты: 16.03.2022
Оқылды: 1812
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жыл сайын Мемлекет басшысы жасайтын жолдау алдағы күндердің межесіне арналатыны белгілі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл көпшіліктің көкейін тербеген көптеген мәселелерді жүзеге асырудың жолын көрсетті. Тіпті, дамудың жаңа жолына түскен еліміз үшін ең керекті, ең қажетті бағыттарды айқындады.

Сот саласының маманы ретінде мені Мемлекет басшысының: «Мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын. Бас прокурор мен құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін», – деген сөзі қуантты.

Бұл, шынында, демократиялық даму жолын таңдаған Қазақстан Республикасы үшін үлкен мүмкіндік дер едім. Себебі, қазіргідей ғаламдық геосаяси теке-тірес белең алған тұста сот жүйесін жаңғырту талабы туындап отыр. Осыған орай, алқабилер соты қарайтын істердің қатарын ұлғайту сот жүйесіне деген қоғамның сенімін арттыратынын айтқан Президенттің сөзі көкейге қонып, шынайы жанашырлықтың белгісін байқатқандай болды.

Расында, әлемдік қауымдастықтың алдында өзіндік бет-бейнесін қалыптастыру жолына түскен Қазақстан үшін жаңа қадамдар, жаңа бастамалар өте қажет. Осыны терең түсінген Президент әлеуметтік-экономикалық, саяси, идеологиялық дамудың жаңа сатысына  шығаратын айқын жоспарлар ұсынды.

Ендеше, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, береке-бірлікті ұстанатын уақыт келді деп білемін.

Шалқар ТАЛДАНБАЕВ,

Қаратал аудандық сотының төрағасы

Алматы облысы