ҚАҢТАР ДҮРБЕЛЕҢІ: ТАЛҒАРДА ҚАРУ-ЖАРАҚ САҚТАЛҒАН ҚҰПИЯ ОРЫН АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 15.03.2022
Оқылды: 927
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қаруларды тәркілеу жалғасуда.

Қарулардың ұрлануы бойынша соңғы дерек Талғар ауданында тіркелді. Онда Арқабай-Панфилов автожолының жанынан атыс қаруы көп құпия орын анықталды. Полиция қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік өкілдерімен бірлесіп, «Fair» маркалы 2 екі ұңғылы аңшы мылтығын, 12 калибрлі, 1 пневматикалық мылтықты, нөмірсіз «Ruger» маркасын, жарық-дыбыс гранатасын және әртүрлі калибрлі 27 патронды тәркіледі.

- Арнайы деректер базасы бойынша тексеру кезінде табылған мылтықтардың бір бөлігі 5 қаңтарда Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрланған деп есептеледі. Факті бойынша қылмыстық тергеу басталды, - деп хабарлады Талғар ауданының полиция өкілдері. Сондай-ақ, Қарасай ауданында полиция қызметкерлері Кемертоған ауылының 36 жастағы тұрғынын ұстады. Оның «Мерседес бенс» автокөлігінің салонында тәртіп сақшылары 7,62 мм калибрлі «Симонов» карабинін зауыттық нөмірлерсіз тапты. Ер адам қаруды үш ай бұрын белгісіз адамнан сатып алғанын айтты. Күдікті қамауға алынды. Атыс қаруын заңсыз сатып алу және сақтау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"