Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ШАМАЛҒАН АУЫЛЫНЫҢ МАҢЫНАН КӨРПЕГЕ ОРАЛҒАН ҚАРУ-ЖАРАҚ ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 02.04.2022
Оқылды: 639
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы Қарасай ауданынан жасырылған қару-жарақ табылды.

ҚР Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеевтің айтуынша, оқиға Шамалған-Жыңғылды аралығында болды. "Алматы-1" теміржол станциясындағы көлік полициясының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында темір жолдан бес метр қашықтықта қараусыз қалған ғимараттан 12 калибрлі «Форд 500» маркалы тегіс ұңғылы қару (нөмірі өшірілген), 60 патрон, бронды кеудеше және «Хиотей» маркалы радиостанциясын анықтап, тәркіледі.

Қару-жарақ пен оқ-дәрілер көрпеге оралып, үстіне қоқыс тасталып, құм себілген.

- Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабына (қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта қылмысқа қатысы барлар анықталуда. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді, - деді полиция генерал-майоры Оңал Бекеев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"