БҮЛІК КЕЗІНДЕ БЕЙНЕКАМЕРАҒА ТҮСІП ҚАЛҒАН 11 АДАМ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

Уақыты: 05.04.2022
Оқылды: 971
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қаңтардағы дүрбелең кезінде бүлік шығарғандарды Алматы облысының полицейлері бейнежазбадағы дәлелдер арқылы жаппай ұстап жатыр. Осылайша, ұялы телефон кадрларына түсіп қалған 11 күдікті қамауға алынды. Арнайы ұстау операциясын Алматы облысындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция қызметкерлері ұйымдастырды.

Олар күдіктілерді өңірдің әр аудан, ауылдарында қолға түсірген. Ұсталған 11 адам - 20-39 жас аралығындағылар. Қазір олардың үстінен «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүруде.

Облыстың полиция қызметі арнайы жедел іздестіру операциясы кезінде Сарқан ауданында ұйымдасқан қылмыстық топтың бір мүшесі де ұсталғанын атап өтті. Департаменттің мәліметінше, Қаңтар оқиғасына ол Сарқаннан Талдықорғанға келіп қатысқан. 37 жастағы адамды тінту кезінде одан Макаров тапаншасы мен оның оқтары, 210 грамм гашишқа ұқсас шөп тәркіленген. Сарқан ауданының тұрғыны ұсталғаннан кейін оның туыстары полиция департаментіне келіп, тергеуге кедергі жасамақ болған.

«Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және оған қатысты деген 11 күдікті ұсталды. Тінту кезінде екі аңшы мылтығы, көптеген оқ-дәрі, құқықтық шаралар кезінде қолданылатын полицияның арнайы құралдары тәркіленді. Олар - қалалық және облыстық полиция ғимаратынан ұрланған заттар», - деді Алматы облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Елдар Әбдікенов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"