ТЕСКЕНСУ МАҢЫНДА ЖОЛ АПАТЫ ТІРКЕЛІП, 29 ЖАСТАҒЫ ЕР АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

Уақыты: 13.04.2022
Оқылды: 1433
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы-Шелек-Қорғас бағытындағы автожолда жол апаты тіркелді. Түнгі уақытта жолға жылқы малы шығып кетіп, жол апатын тудырған. Бір адам қаза тауып, үшеуі жарақат алған. Бұл туралы "Жетісу" газетінің сайты облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жол-көлік оқиғасы түнде Еңбекшіқазақ ауданында (Тескенсу ауылы маңында) болған. Toyota Camry жүргізушісі қатты жылдамдықпен жылқы қаққан.

"Шетелдік көліктің 29 жастағы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар, жол апатынан үш адам зардап шекті, оның ішінде, кәмелетке толмағандар бар. Олар түрлі жарақатпен Шелек ауылындағы ауруханаға жеткізілді", - дейді Алматы облысының полиция өкілдері.

Жазатайым оқиға фактісі бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлігі бойынша тергеу басталды. "Қазір полицейлер өлген жылқының иесін іздестіріп жатыр. Оған ірі көлемде айыппұл салынады", - дейді тәртіп сақшылары.

Қолданыстағы әкімшілік заңнамаға сай мал иелері ауыл шаруашылығы жануарын жаю ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"