АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА СОҢҒЫ ҮШ АЙДА ТӨРТ БАЛА ӨЗ-ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАҒАН

Уақыты: 14.04.2022
Оқылды: 1196
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жыл басынан бері Алматы облысында 4 бала өз-өзіне қол жұмсаған. Ал 9 бала қол жұмсауға әрекеттенген. Бұл туралы Журналистер үйінде өткен брифингте айтылды. Баспасөз мәслихатында үш айдың қорытындысы бойынша жасөспірімдер қылмысы мен балалардың өз-өзіне қол жұмсау жағдайы туралы ақпарат берілді.

Жиында сөз алған облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қайсар Мұхметов жасөспірімдер арасында құқықтық тәртіпті нығайту, олардың тәртіптік сауаттылығын арттыру мақсатында атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Сондай-ақ, «Мен және менің полицейім» акциясы арқылы балалар тәртіп сақшыларының қызметімен танысып, аталмыш мамандыққа деген қызығушылықтары артқанын айтты. Ал көші-қон полициясы басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Медет Құнанбаевтың сөзінше, жасөспірімдер қылмысы былтырғы жылмен салыстырғанда өскен.

- 2020-2021 жылдары пандемияға және әртүрлі шектеулерге байланысты қылмыстың саны азайды. Мысалы, 2019 жылы 300-ден асса, 2020 жылы – 166, 2021 жылы 121-ге кеміген. Биылғы үш айдағы көрсеткіш былтырғы жылдағы үш аймен салыстырғанда өсіп отыр. Былтыр 37 болса, биыл 49 қылмыс тіркелді. Балаларға қатысты қылмыс саны да өскен, былтыр 60 болса, биыл – 69. Өкінішке қарай, өз-өзіне қол жұмсау деректері де бар. Талдау нәтижесінде қол жұмсаудың бәрі дерлік ата-анасына ренжу, ұрысу, олардың сөзін көтере алмаудың салдарынан туындаған. Құрдастары мен құрбыларынан зорлық-зомбылық көріп, өз-өзіне қол жұмсаған деректер жоқ, – деген Медет Мұратжанұлы жасөспірімдерге қатысты жасалған қылмыстардың 35-і кәмелетке толмағандарға жыныстық қолсұғушылық екенін айтты.

Аймағымызда жасөспірімдер қылмысы мен балалардың өз-өзіне қол жұмсауын алдын алу үшін түрлі шаралар мен симинар өтуде. Мұндай жұмыс әрмен қарай да жалғасын табады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы