КӘРІМ МӘСІМОВТІ ҚАМАУДА ҰСТАУ МЕРЗІМІ ҰЗАРТЫЛДЫ - ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІ

Уақыты: 15.04.2022
Оқылды: 1664
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовті қамауда ұстау мерзімі 6 мамырға дейін ұзартылды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлім етті.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұрынғы төрағасы К.Мәсімов пен ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Ә.Садықұловты қамауда ұстау мерзімі 2022 жылдың 6 мамырына дейін, сондай-ақ, бұрынғы орынбасары Д.Ерғожинді қамауда ұстау 8 мамырға дейін ұзартылды», - делінген хабарламада. Сонымен қатар, 22 ақпанда лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану күдігі бойынша ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары М.Өсіпов ұсталған болатын. Осы орайда оны қамауда ұстау мерзімін үш айға дейін ұзарту туралы материалдар прокуратураға жолданған.

Күдіктілер тергеу изоляторында қамауда отыр. Олардың қылмыстық ісі «аса құпия» тәртібі бойынша тергелуде.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты осы жылдың 6 қаңтарында ҰҚК Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 175-бабы, 1-бөлігімен мемлекетке сатқындық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Биыл наурыз айында Бас прокурор Берік Асылов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы мен оның үш орынбасарына, екі бөлімше бастығына қатысты бірнеше іс қозғалып, тергеліп жатқанын айтты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"