ҮЙДЕ ДЕ, ҚЫЗМЕТТЕ ДЕ БІРГЕ: ПОЛИЦИЯДА ЖҮРГЕН ОТБАСЫЛЫҚ ЖҰПТАР

Уақыты: 21.04.2022
Оқылды: 1278
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полициясында бірге қызмет атқаратын бірнеше отбасылық жұп бар. Бұл туралы "Жетісу" газеті полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Үлгілі отбасылық жұптың қатарында Көксу аудандық полиция бөлімінің аға лейтенанттары Жарас, Әйгерім Әлдибековаларды айтуға болады. Олар 2018 жылдың көктемінде танысыпты.

- Күнделікті қызметімде уақыттың зымырап өтіп жатқанын байқамайтынмын. Сол күндердің бірінде бітімі келіскен, келбеті жарасқан жігітпен таныстым. Таныстығымыз ары қарай жандана берді. Жұмыстан кейін үйге бірге қайтып, қала саябағына барып қыдыратынбыз. Ата-анасымен таныстырып, жүрегіндегі сезімін ашық айтып, тұрмыс құруға ұсыныс жасады. 2019 жылы менің ата-анам батасын беріп, ұлттық дәстүр бойынша ұзату тойымды жасап, құтты мекенімнің ақ босағасын аттатты. Аллаға сансыз шүкір, жұбымыз жарасып, өмір жолымен бірге келеміз. 2021 жылдың наурыз айында Жарас полиция бөлімінің мемлекеттік көлік инспекторы лауазымына тағайындалды. Бұл өте маңызды және жауапты қызмет, заңгерлік және техникалық сауаттылықты талап ететін жұмыс. Сол жылы жазда облыстық полиция департаментінің басшылығы екеуміздің еңбегімізді жоғары бағалап, жаңа салынған үйлерден пәтер берді. Мерейіміз үстем болды. Енді тек Отанымыз үшін адал қызмет етіп, ел тыныштығын сақтауға отбасымызбен аянбай тер төгіп, алдыңғы қатарлы полиция офицерлері болуға еңбектенуіміз қажет, - дейді аға лейтенант Әйгерім Әлдибекова.

Келесі жұп - Балқаш аудандық полиция бөлімінің аға лейтенанты Ақжол Зекенов пен полиция капитаны Еңлік Ережепбаева. Олардың махаббат хикаялары да өз алдына бір төбе әңгіме.

- 2018 жылы 29 қаңтарда оқу-жаттығудан шығып, ұялы телефонымды қарасам, интернет желісінен Акжолдан танысуға ұсыныс келгендігін көрдім. Екеуіміз бір салада iстейтiнiмiздi байқап, ортақ қызығушылығымыз көп екенін көріп, танысуға келістім. 4 ақпан күнi менi кездесуге шақырды. Бірінші кездесуімізде жақсы тіл табысып, әңгімеміз жарасып уақыттың қалай өткендігін байқамай қалдық. Келесі күні қыз бен жігіт ретiнде жүре бастадық. Көп ұзамай үйленуге ұсыныс жасады. 24 тамыз күнi үйлену тойымыз өтті. Тойдан кейiн декреттік демалысқа шықтым. Қазiргi таңда екi ұлды тәрбиелеп отырмыз. Барша әйел қауымына бақыт білеймін, - дейді Еңлік Ережепбаева.

Осындай мақтан тұтар жұп ретінде Талдықорған полиция бөлімінің аға лейтенанттары Айбек Саркеев пен Құдай қосқан қосағы Мөлдір Саятқызын да айтуға болады. Олар 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің академиясында оқып жүргенде танысқан. Алғашқыда дос ретінде жақсы араласып, кейіннен махаббат оты тұтанған.

- Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін де достық қарым-қатынасымыз үзілмеді. Ұзақ араласқаннан кейін бір-бірімізді ұнататынымызды түсіндік. 2020 жылдан бері отау құрып, бақытты ғұмыр кешудеміз. Отбасымызбен бірге елге адал қызмет етіп жүргенімізді мақтан тұтамыз, - дейді Мөлдір Саятқызы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"