КЕГЕНДЕ ҰРЛАНҒАН АВТОКӨЛІКТЕРДІ САТАТЫН ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 22.04.2022
Оқылды: 1489
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Үш адамнан тұратын қылмыстық топ Ресейдің есебінде тұрған автокөліктерді ұрлап, оларды Алматы облысында сатып келген. Бұл жайында Алматы қалалық полиция департаменті хабарлады.

Қазір күдіктілер қамауға алынған.

Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, үштіктің ресейлік «ВАЗ» көліктерін ұрлағаны туралы анықталған бес дерек бар. Қаскөйлер Ресей Федерациясының есебінде тұрған автокөліктерге әбден «маманданған». Олар ұрланған көліктерді Кеген ауылындағы үйлердің біріне жасырып, сол жерден сатып отырған.

"Алматы қалалық криминалдық полиция басқармасындағы әріптестердің көмегімен көлік ұрлағандарды әшкереледік және ұстау іс-шарасын жүргіздік. Күдіктілер қамауға алынды. Олар 19-20 жастағы азаматтар. Әрқайсысының рөлдері нақты бөлінген. Тергеу барысында күдіктілердің Алатау, Алмалы және Медеу аудандарында бес автокөлік ұрлағаны анықталды. Сатып алушылардан бес көліктің төртеуі тәркіленді, тағы бір ВАЗ бөлшектеліп, қосалқы бөлшектерге сатылып кеткен", - дейді Медеу аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Еділхан Байғараев.

Қазір полиция қызметкерлері ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"