ІЛЕ АУДАНЫНДА 10 ЖАСАР БАЛА МЕРТ БОЛДЫ. КҮДІКТІ ТЕРГЕЛІП ЖАТЫР

Уақыты: 02.05.2022
Оқылды: 1139
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Іле ауданында 10 жастағы бала мерт болды. Оқиға картодромда (ойыншық көлік мініп, жүргізетін алаңқай) болған.

Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жеткіншек карт машинасын басқарып келе жатып, пластмассадан жасалған заттардан қойылған қоршауды бұзып өтіп, жол бойында тұрған "ГАЗ-53" көлігіне соғылған. «Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жеткіншек мінген картты оның артынан келе жатқан басқа карт қаққан. Соның инерциясымен жарыс машинасы қоршауды бұзып шыққан. Оқиға орнында Іле ауданы полициясының жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Тәртіп сақшылары қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтауда», - деп хабарлады полиция өкілдері.

Кейіннен полиция департаменті 10 жастағы баланың өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 306-бабы, 3-бөлігі (қауіпсіздік талаптарына жауап бермейтін, абайсызда адам өліміне әкеп соққан қызметтер көрсету) бойынша тергеу басталғанын, қылмыстық іс материалдарында күдікті ретінде картинг орталығының 41 жастағы директоры ұсталғанын мәлімдеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"