АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АЛАЯҚТАР КӨБЕЙІП БАРАДЫ. ПОЛИЦИЯ ДАБЫЛ ҚАҚТЫ

Уақыты: 04.05.2022
Оқылды: 1495
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған қаласында алаяқтық әрекеттері жиілеп, тұрғындардың алаңдаушылығын тудырып отыр. Осыған орай арнайы брифинг өткізген тәртіп сақшылары жергілікті жұртшылықты қырағылық танытып, қылмыскерлердің алдау-арбауына ілеспеуге шақырды.

Баспасөз мәслихатында арнайы баяндама жасап, Жетісу жерінде орын алған алаяқтық деректерін таныстырған Криминалды полиция басқармасының аға жедел уәкілі Мақсат Нұрғалымовтың айтуынша, бүгінгі күні алаяқтық алдыңғы орынға шығып, қарапайым тұрғындардың сенгіштігі шығынға батыруда.

– Азаматтарды мұқият болуға шақырғанымызға қарамастан, әлі күнге дейін «Инстаграм», «ОLХ», «КОЛЕСА» сияқты мобильді телефон қосымшаларында жасалған интернет-алаяқтық деректері, микрокредиттік ұйымдардан онлайн-қарыздарды ресімдеу, «қаржы пирамидаларына» қатысу және алаяқтардың банк қызметкерлері ретінде өзін таныстыратын оқиғалары азаяр емес, – деп мәселенің аса өзекті екендігін атап өтті. – Алаяқтардың құрбанына айналмас үшін ешкімге банк карталарыңыздың нөмірін, жарамдылық мерзімін, үш таңбалы кодты, телефон нөміріңізге келіп түскен смс-хабарламаның кодын айтпаңыздар. Ешқашан белгісіз адамдарға ақша аудармаңыз, әлеуметтік желілердегі күмәнді келісімдерден бас тартыңыз, өнімді сатып алу кезінде алдын-ала төлем жасамаңыз. Банк карталары жоғалған жағдайда банк операторларына бірден қоңырау шалып картаңызды бұғаттаңыз. Сонда ғана алаяқтықтың алдын алып, қылмыскерлердің құрығына түсуден құтыласыз!

Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері Алматы облысы аумағында ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы, 2-тармағы, 4-тармақшасында көрсетілген алаяқтық дерегіне байланысты 307 қылмыстық іс қозғалған. Былтыр 440 қылмыстық іс тіркелген.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы