АРМИЯ - МЕМЛЕКЕТТІҢ МЫЗҒЫМАС ТІРЕГІ. ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНЕ - 30 ЖЫЛ

Уақыты: 06.05.2022
Оқылды: 2008
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Биыл Талдықорған қаласының шетіндегі №18404 әскери бөлімінің құрылғанына 54 жыл толып отыр. 1968 жылғы 5 мамырда құрылған әскери бөлімге генерал И.Панфиловтың аты беріліп, абыройы асқақтады. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнінің қарсаңында Алматы облысы әкімінің міндетін атқарушы Лаззат Тұрлашов №18404 әскери бөліміне арнайы барып, сарбаздар мен сардарларды мерекемен құттықтады.

«COVID-19» пандемиясының тұсында және биылғы «Қаралы қаңтар» оқиғасы кезінде облыс орталығына орнатылған блок-бекеттерді күзетіп, жұртшылықтың тыныштығын қорғаған әскерилерге өз ісіне адалдық танытқаны үшін әскери лауазымдар беріліп, облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Марапатталғандарды құттықтаған облыс әкімінің міндетін Лаззат Тұрлашов:

– Мамыр айының алғашқы күндерінде Отан қорғаушылар мен Жеңіс күні мерекелерін қатар атап өтеміз. Осы айтулы күндерге сіздер қызмет ететін №18404 әскери бөлімнің құрылған уақыты тұспа-тұс келіп отыр. Сол сияқты биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл. Осы мерейлі мерекелермен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл күні Қарулы Күштердің ардагерлері мен әскери бөлімдердің әскери қызметшілеріне құрмет көрсету дәстүрге айналған. Сол игі дәстүрді жалғастырып, бүгін сіздерді құттықтауға арнайы келіп отырмыз, – деп жүрекжарды тілегін жеткізді. – Халықаралық аренадағы бүгінгі шиеленісті геосаяси жағдай көпшілікке мәлім. Осындай кезеңде біз бейбіт өмірдің, тыныштық пен тұрақтылықтың, елдің шебін күзететін әскерилер қызметінің маңызын ұғына түстік. Бейбіт күннің әр сәті Жеңіс екенін сезіндік. Қазақстан әрқашан бейбітшілікті қалайтын, татулықты ту еткен мемлекет. Сонымен қатар әскери саланың әлеуетін арттыруға ерекше мән беріп келеді. Соның нәтижесінде қазіргі заманғы қару-жарақпен, жаңа техникамен жабдықталған айбынды армиямыз ел қорғаны болып отыр. Сарбаздардың отаншылдық рухы мен жауынгерлік дайындығы деңгейін көтеру, әскери саланың қорғаныс қабілетін одан әрі арттыру және жан-жақты қолдау көрсету – бүгінгі күннің басты талабы.

Армия – мемлекетіміздің мызғымас тірегі, ел тәуелсіздігінің кепілі. Осы ретте ел тыныштығы күзетінде тұрған, Отан алдындағы міндетін адал атқарып жүрген сіздердің еңбектеріңіз үлкен құрметке лайық. Сондықтан бүгінгі мерейлі мерекеде Талдықорған гарнизонының әскери қызметшілеріне халқымыздың қауіпсіздігі мен игілігі жолында атқарған мінсіз қызметі үшін алғысымды білдіремін!

Бұдан соң Талдықорған гарнизонына қарасты әскери бөлімдердің сап түзеу шарасын тамашалаған қонақтар қару-жарақ пен әскери техниканың көрмесімен, әуе десанттарын дайындайтын орталықтың жұмысымен танысты. Жаттығу алаңдарында жауынгерлердің дайындығы мен әскери асхананың жұмысы көрсетілді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы