АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНАН 2 МЫҢ АДАМ ӘСКЕРГЕ ЖІБЕРІЛЕДІ - ҚОРҒАНЫС ДЕПАРТАМЕНТІ

Уақыты: 07.05.2022
Оқылды: 1218
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Отан – ең қастерлі ұғым. Оны қорғау – бәрімізге жүктелген абыройлы міндет. Осынау Ұлы Даланы қасық қаны қалғанша қорғаған даңқты батырлардан үлгі-өнеге алуымыз керек. Солардан мирас болып қалған ұлан-ғайыр атырапты көздің қарашығындай сақтап, болашаққа табыстау – баршамыздың азаматтық борышымыз. Сол себепті өскелең ұрпақтың бойына елге, жерге деген сүйіспеншілік дәнін егіп, патриоттық сезімін нығайтып отыру күн тәртібіндегі негізгі жұмысымыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметтің имиджін арттыру және жастарды әскери борышын өтеуге ынталандыруға баса назар аударуды тапсырған болатын. Сонымен қатар, еліміздегі ер-азаматтардың, жастардың әскерге деген қызығушылығын арттыру, отансүйгіштікке баулу, патриоттық сезімін ұлғайту мақсатында «Қайсар» атты жаңа әскери-патриоттық жоба жүзеге асырылатын болды. Осы бағытта ауқымды бастамаларды қолға алып, «Amanat» партиясының облыстық филиалы, «Жас Отан» жастар қанаты, облыстық ішкі саясат басқармасы, білім мекемелерімен бірлесіп жұмыс атқаратын боламыз.

Қазіргі уақытта көктемгі әскерге шақыру қарқынды жүріп жатыр. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес, мерзімді әскери қызметке 18 бен 27 жас аралығындағы, мерзімін кейінге қалдыруға және әскерден босатылуға құқығы жоқ азаматтар қабылданады. Отбасы, денсаулық жағдайлары бойынша білім алуды жалғастыру үшін әскерге шақыру мерзімі кейінге қалдырылады.

Шақырылған азаматтар ҚР ҰҚК Шекара қызметі, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі, ҚР Қарулы Күштері, ҚР ІІМ Ұлттық Ұланның әскери бөлімдеріне жіберіледі. Белгіленген жоспар орындалып келеді. Былтыр әскерге шақыру жұмыстары бойынша республика көлемінде бірінші орынға ие болдық. Биыл облыс бойынша екі мыңнан астам азаматты әскерге жіберу жоспарда бар.

Жастардың денсаулық жағдайын айтар болсақ, көпшілігі майтабан, сосын көзінің көру қабілеті нашар. Оған себеп – күндіз-түні компьютер мен смартфонда отыруы. Пайдасынан зияны басым әрекеттері арқылы болашақтарына балта шабуда. Ел ертеңі дені сау ұрпақтың қолында екенін әсте естен шығаруға болмайды. Ол үшін, ең алдымен, ата-ана жауапты. Мысалы, мен өз балаларыма шектеу қоямын. Бұл  басыбүтін қолдандырмай қою емес. Оның да өз заңдылықтары бар. Айталық,  компьютер алдында ұзақ отырмау, көз бен монитор экраны арасындағы қашықтық, әр сағат сайын көзге арналған жаттығулар жасау секілді ережелерді сақтау керек. Компьютер, смартфон қолдану ережесін білмейтіндер жетіп артылады. Сонымен қатар, олардың бос уақытын тиімді пайдалануға күш саламын. Әсіресе, спортпен шұғылданулары үшін барлық жағдай қарастырылған. Шыны керек, сабақ, әртүрлі үйірмелерге бару арқылы олардың телефон ойнайтын уақыттары қалмайды.

Оқушылармен ерлік сабақтары, жас сарбаз жиындары тұрақты түрде өтіп келеді. Мысалы, патриоттық клубтар жыл сайын «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынында бақ сынайды. Маусым айында республикалық жарыс өтеді. Соған 15 баладан тұратын бір команда дайындап жатырмыз. Жетісудың жалауын көкке көтеріп, жеңіс тұғырынан көрінеді деген сенімдеміз.

Биыл 7 мамыр Қазақстанның Қарулы Күштеріне 30 жыл толды. Мен 1992 жылы Алматы қаласындағы И.Конев атындағы жоғары әскери училищеге түстім. Сонда республика бойынша алғашқы әскери антты қабылдаған біз болатынбыз. Сол ант әлі күнге дейін бар. Осылайша алғаш ант қабылдаған азаматтардың тізіміне ендім. Бұл мен үшін үлкен мақтыныш әрі мәртебе.

Құрметті жетісулықтар, барлықтарыңызға зор денсаулық, табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Ел іргесі берік, бейбіт заман болсын!

Талғат ДӘУЛЕТХАНОВ,

Алматы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник