ҚАСКЕЛЕҢНІҢ 46 ЖАСТАҒЫ ТҰРҒЫНЫ "ОТВЕРТКАМЕН" АДАМ ӨЛТІРДІ - ПОЛИЦИЯ

Уақыты: 31.05.2022
Оқылды: 1174
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қаскелеңде тұрғын үй жанынан ер адамның мәйіті табылды.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адамды өлтірді деген күдікпен такси жүргізушісі ұсталды. «29 мамыр күні сағат 17:00 шамасында Қарасай аудандық полициясына «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінің шлагбаумнан шығаберіс тұсында ер адамның мүрдесі жатқаны хабарланды. Тәртіп сақшылары бірден оқиға орнына жетіп, 1976 жылғы Қаскелең қаласының тұрғынын ұстады. Күдікті жәбірленушімен жанжалдасып қалғанын, соңында оған бұрағышты жүрек тұсына тығып алғанын мойындады. Ер адам алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған», - делінген полиция хабарламасында.

Қазір күдікті қамауда. Айғақзаттар тәркіленіп, қылмыстық іс тергеліп жатыр. Еске сала кетейік, Қаскелеңде жуырда ғана заңсыз көкпар тартқандар ұсталып, 10 күнге қамалған еді.

«Көкпарға қатысқан 6 адамды полиция ұстады. Олар 10 тәулікке қамауға алынды», - делінген Алматы облыстық полиция департаменті хабарламасында. Айта кетейік, ұсталған адамдар ұсақ бұзақылық және көліктерге кедергі келтіру бойынша жауапқа тартылды. Көкпарды 66 жастағы Қаскелең тұрғыны жиенінің туған күніне орай ұйымдастырған. Ұлттық ойын қаланың шеткі аумағында болған. Бірақ артынша қала көшелерінде жалғасқан.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"