«ӘЛІ ТАЛАЙ АДАМНЫҢ ТАҒДЫРЫН ТАЛҚАНДАУЫ МҮМКІН»: ҰЗЫНАҒАШТЫҚТАРДЫҢ ТАЛАБЫ

Уақыты: 10.06.2022
Оқылды: 1145
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

«Ұзынағаштықтар бас көтерді: Трассада екі аптада үш баланы көлік қаққан» деп басталатын хабар КТК телеарнасынан берілді және соған сілтеме жасап басқа да ақпарат құралдарында жарияланды. Онда мектеп оқушысын жүк көлігі жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқанда қағып, ауыр жарақаттан 13 жастағы бала жансақтау бөлімінде жатқаны айтылған. Жантүршігер жайтты естіген ауыл тұрғындары жиналып, елді мекеннің шыға берісіндегі республикалық трасса қауіпті жолға айналғанына наразылық білдіріп, «Сергек» камерасын орнатуды талап еткен.

Мұнда жол апаты жиілеген соң жаяу жүргінші жолағы сызылғанымен, жоғары жылдамдықпен жүйткіген жүргізушілерге ол белгі тосқауыл болмай тұрғаны, баланың бауыры езіліп, миы шайқалғаны баяндалып, «Көлік қозғалысын реттеу үшін міндетті түрде адам қазасы болу керек пе» дейді тұрғындар Гүлзира Қанатбек пен Айбаршын Асанова. Шулаған халықтың арасына дереу жеткен «Қазавтожол» мекемесінің өкілдері жаяу жүргінші жолағы мен белгісін көбейтуден басқа қолдан келер шара жоқ деп қысқа қайырған. Ауылдық округ әкімі Бақыт Бейсембеков қауіпті жолға бейнебақылау камерасын орнату ұсынысы тиісті органдарға жолданғанын айтқан. «Қара жол әлі талай адамның тағдырын талқандауы мүмкін», - дейді төзімі таусылған жұрт.

Мәселенің мән-жайын аудандағы құзырлы орындардан айқындап көрдік. Алдымен баланың жайын білдік. Аудандық орталық аурухана директоры Дамир Сұраужановтың мәліметінше, Пейіл Тілеуберді ауруханаға 6 маусымда жол-көлік оқиғасынан өте ауыр жағдайда түскен. Жабық бас сүйек-ми жарақаты, кеуде мен ішінің жабық жарақаты, көк бауыры езіліп, ішке қан кету, шошыну диагнозы қойылған. Сол жақ бұғанасы сынған. Оған дәрігерлік көмек көрсетіліп, ота жасалыпты. Үшінші тәулікте жансақтау бөлімінен хирургия бөліміне ауыстырылды. Өзіне келіп, қазір жағдайы бірқалыпты. Емдеу мәселелерін шешу үшін Алматы өңірлік балалар клиникалық ауруханасынан нейрохирург пен травматолог мамандары шақырылып, олардың кеңесімен 10 маусымда аталған балалар ауруханасына ауыстыру ұсынылды. Бұдан әрі сонда ем қабылдамақ.

Аудандық білім бөлімінен Пейілдің аудан орталығындағы Наурызбай батыр Құтпанбетұлы атындағы орта мектепте оқиды. Отбасында 3 бала, інісі мен қарындасы бар. Ата-анасы мен бауырлары Қытайда. Отбасы жағдайына байланысты көшіп келе алмайды екен. Пейіл Ұзынағашта әкесінің әпкесі Гүлзира Қанатбекпен бірге тұрады. Тәртібі, үлгерімі жақсы, сабақтан қалмайды, ұқыпты бала.

Аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы Асхат Жанбосынов оқиға Ұзынағаш ауылының батыс жақ шетінде Қарасай батыр көшесінде болғанын айтты. Жаяу жүргінші жолағында Пейілді Қытайда шығарылған шағын жүк көлігі қағып кеткен. Ол жерде бейнебақылау камерасы жоқ. Жүргізуші Қазыбек бек ауылының тұрғыны. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Бала ауруханадан шыққан соң сот-медициналық сараптама тағайындалып, қорытындысына қарай іс сотқа жолданады. Егер зардап шегуші мен кінәлі тарап өзара келісімге келіп жатса, ол да ескерілмек.

Оқиға ауыл мен мал базарының арасында болған, мұнда жүк көліктері көп жүреді. Аудан әкімінің бірінші орынбасары Абзал Нұрпейісовтің айтуынша, «Сергек» құралын қою ауданның құзырында емес, республикалық деңгейде шешіледі.

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Алматы облысы
Жамбыл ауданы